eGov-та жаңа қызмет қосылды: заңсыз тіркелген SIM-картаны анықтауға болады
АСТАНА. KAZINFORM – Egov-та бір ЖСН бойынша тіркелген ұялы телефон нөмірлерінің санын тексеруге арналған жаңа қызмет қосылды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті.

Оның айтуынша, бұл мүмкіндік SIM-картаны заңсыз тіркеу іс-қимылдарымен күресуге жағдай жасайды.
— Осы тұрғыда eGov-та нақты ЖСН бойынша SIM-карталар санын тіркеуді тексерудің жаңа қызметі іске қосылғанын хабарлаймын. Сондықтан енді eGov жүйесінде өзіңіздің ЖСН-ді енгізу арқылы атыңызға неше ұялы телефон нөмірі тіркелгенін оңай тексеруге болады. Егер нақты пайдаланып отырған нөмірлер бойынша сәйкессіздік болса, онда ұялы байланыс операторына дереу хабарласып, қалғандарын бұғаттай аласыз, - деді ведомство басшысы Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжіліс Astana Hub пен Инновациялық технологиялар паркін біріктіру туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.