Егіс-2024: астық өсірушілердің үміті ақтала ма
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Ертіс-Баян өңірінің диқандары көктемгі егіс жұмыстарына қызу кірісіп кетті. Межеленген егіс алқаптарының 8 пайызына тұқым себіліп, ылғал жабылған. Қазіргідей ашық күндер жалғаса берсе, мамыр айының соңына дейін науқан толығымен аяқталады деген жоспар бар.
«Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы» биылға ауыл шаруашылығы дақылдарын егудің оңтайлы мерзімін әзірлеген. Оған сүйенсек, майлы және дәнді дақылдарды егудің оңтайлы мерзімі мамыр айының соңына дейін жүргізілуі керек. Станса мамандары мамыр айы қалыпты болып тұрғанына байланысты егіс жұмыстары мерзімінде аяқталады деген болжам жасап отыр.
- Биыл топырақтағы ылғал жеткілікті. Сәйкесінше қазір тұқым сеуіп, ылғал жауып үлгергендерге бұл аса тиімді. Егер мамыр айының 25-іне дейін шаруалар барлық егіс алқаптарында тұқымын сеуіп, қажетті агротехникалық іс-шараларды жүргізсе, топырақта сақталып тұрған мол ылғал маусым айының ортасына дейін қорек беруге қабілетті. Салыстырмалы түрде айтсам, былтыр дәл осы мезгілде егін салғанымызда егіс алқаптарының шаңы бұрқырап жатқан. Жер мамыр айының ортасында-ақ құрғап кетті. Жалпы, биыл облыс бойынша көктемгі дала жұмыстары жылдағыдай, кестеден ауытқымай жүріп жатқанын байқап отырмыз. Тек күнбағыс дәнін егуде біраз кешігу бар, ол мамыр айының алғашқы онкүндігінде себіліп тастауы керек еді. Алайда көп шаруашылықтар күн райының әсерінен оны біраз шегерді. Қазіргі ауа райын болжап айту да қиынға айналып келеді. «Қазгидромет» өкілдері мамыр айында температура өте жоғары болады деген соң біраз жүрексінгеніміз рас. Бағымызға орай, мамыр салқындау болып, шаруаларымызға жайлы тиіп тұр, - дейді «Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы» ЖШС басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Рахимов.
Ғалымның сөзінше, Павлодар облысындағы егістік кампаниясының дені 25 мамырға дейін аяқталуы керек. Бүгінде Ертіс өзенінің төменгі ағысындағы жайылмалар суға толып тұр. Мысал үшін, Ақтоғайдың Өтес ауылы маңындағы жайылмалар 100 пайыз суға қаныққан. Бұған дейін тәжірибелік станса тікенді лотус (лядвинец рогатый) көпжылдық шөбін аталған аумақтың 400 гектарына еккен. Бұл шөптің құнары аса жоғары әрі ол судың ортасында 1-2 айға дейін шыдап, өсіп тұра береді.
- Тікенді лотус – жоңышқа тәріздес, бұршақты көпжылдық шөп. Соңғы 7 жылда әлгі жерге себілген өсімдік түрі Ертіс өзенінің төменгі жағына қарай таралып бара жатқаны байқалады. Оны жеген мал тез қоңданады, шабылған шөп қыста жақсы сақталады. Жайылмаға судың мол шығуы нәтижесінде біз биыл шөптің тұқымын жылдағыдан көп жинаймыз деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ биыл Павлодар қаласының маңындағы Заря, Кенжекөл ауылдарының жайылмаларына осы көпжылдық шөптің тұқымын сеуіп шығатын ойымыз бар. Облыста жайылымдық жерлер, бұрын егін салынған мыңдаған гектар аумақ бүгінде тозып тұр. Сонау кеңес заманынан жаңармаған. Олардағы шөпті жасартып, қайта сеуіп шығатын кез келді. Бұйырса, осы жылдың тамыз айында біздің станса облыстық мәслихат депутаттары алдында өз жобамызды ұсынамыз. Егер қаржы бөлінетін болса, тозығы жеткен мал өрістерінің өсімдігін жаңартуға кірісеміз. Көпжылдық шөп егудің өзіндік технологиясы бар. Оны жылдың бір мезгілінде, бес күннің ішінде сеуіп үлгеру керек, - дейді станса басшысы.
Ауыл шаруашылығы стансасы былтыр жаңадан бір бидай және бір сұлы сортына патент алған. Ғалымдар биыл бидайдың тағы бір жаңа түріне патент алуды жоспарлап қойды. Ұйымның иелігінде небәрі 3 мың гектардай ғана жер бар. Оның екі мыңы – Павлодар ауданында, бір мыңы Ертіс ауданында орналасқан. Айтуларынша, облыс диқандарын сапалы тұқыммен қамтамасыз ету үшін тәжірибелік стансада кемінде 30 мың гектар жер болуы керек. Тұқым үшін пайдаланылатын дәнді дақыл шаруашылығында ауыспалы танап жүйесі қолданылмайды. Биыл бидай егіп, келесі жылы арпа егемін десең, өткен жылғы дақылдың тұқымдары арасында бәрібір шығып кетеді. Одан себілген дәнді дақылдың сапасы құриды. Сапалы тұқымды көбейту үшін егіс танабын жыл аралатып толығымен демалдыру керек. Тұқым егілмеген жылы жерді пармен өңдеу, гербицидтер себу жұмыстары атқарылады. Сондықтан жердің тарлығы бүгінде жоғары сапалы тұқым шаруашылығын дамытуға үлкен қолбайлау болып тұр.
Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасындағылар биыл тұқым жетіспеушілігі қажет өнімді сырттан сатып алу арқылы жабылғанын айтады. Жалпы, Павлодар облысындағы болжамды егіс алқабының көлемі 1 млн 657,3 мың гектар делініп отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан 20,3 мың гектарға артық. Жауапты басқарма деректеріне сүйенсек, диқандар дәнді дақылдар бойынша егіс алқаптарын жылдағыдан 2 пайызға кемітіп, 1 млн 54,4 мың гектарға салуды жоспарлап қойыпты. Ал керісінше майлы дақылдардың үлесі – 3, жемшөп дақылдары – 11, картоп – 0,8, көкөністер мен бақша дақылдары 1 пайызға ұлғая түспек.
- Аймақ бойынша көктемгі егіс алаңы – 1 млн 471,9 мың гектар. Бүгінде 124,1 мың гектарға немесе жоспардағы егістің 8 пайызына ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ылғал жүз пайызға жабылды. Диқандарға биыл 174,4 мың тұқым қажет болған, ол толығымен қамтамасыз етілді. Элеваторларда «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ның үшінші класты 16 995 мың тонна бидайы сақталып тұр. Әлгі астық тек сатуға арналған. Астық үлгілері тексеруге алынып, өнгіштігі мен өну энергиясын тексеру үшін «ҚазАгрЭкс» АҚ-ға тапсырылды. Өну деңгейі 90 пайыздан асады. Көктемгі егіс жұмыстарына барлық модификациядағы 2875 трактор, 1794 соқа, 1015 қопсытқыш, 6606 тырма, 4123 сепкіш және 261 егіс кешені қатысып жатыр. Операторлық қызметтерді ескере отырып, арзандатылған дизель отынының бір тоннасының құны – 282 мың теңге немесе литріне 237 теңге. Бұл – нарықтық құнынан 58 теңгеге арзан (нарықтық құны 295 теңге/литр). Жергілікті шаруашылықтар 21,6 мың тонна сұйық отынға шарт жасасып, операторлар оның 11 мың тоннасын жөнелтіп үлгерді, - деп баяндады Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев.
Баянауылдағы «Болашақ-Жайма» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің диқандары да қазір қызу еңбекке араласып кеткен. Шаруашылық биыл 2200 гектарға бидай, күнбағыс және арпа егуді жоспарлап қойған. Қазіргі уақытта күнбағыс дәні толық себіліп, жақын күндері бидай егуге кіріспек.
- Кейінгі күндері жаңбыр жиі жауып, берекемізді алып тұрғаны болмаса, жалпы егістік жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр. Топырақта ылғал мол. Соңғы үш жыл бойы құрғақшылық болып, егініміз дұрыс шықпады. Биыл көктемде су көп болып, жер тойынып тұр. Соған орай, күзде ырзық мол болады деген үмітіміз бар. Жуықта жаңбырлатқыш машина сатып алдық. Жаз қатты ыстық болатын болса, егіннің біраз бөлігін сонымен суарамыз. Шаруашылықтағы техникаларымыздың барлығы ескі, жаңасын алуға қаржылық жағдайымыз жоқ. Бұған дейін мемлекеттің көмегімен лизингке соқа, бүріккіш агрегаттар сатып алдық. Алайда құны 80-100 млн теңге тұратын үлкен тракторларды алуға шамамыз жетпейді. Шаруашылығымызда 10 адам еңбек етеді, - дейді кооператив басшысы Абылай Жүнісов.
Ал «Қазгидромет» мамандары мамыр айының екінші жартысы мен маусым айындағы күн райы қалыпты болады деп болжап отыр.
- Павлодар облысында мамыр айының екінші жартысында тұрақты күн райы сақталып, күндіз ауа температурасы 20-25 градусқа дейін қызады. Ауа температурасы күрт көтеріліп, аптап ыстық болады деген болжам жоқ. Мамырдың екінші онкүндігінің соңына қарай нөсер жаңбырлар өтуі мүмкін. Ал маусым айындағы тәуліктік орташа температура 20-22 градус болады. 3-7 маусым күндері, айдың ортасы мен соңына таман жаңбырлы күндер болуы мүмкін. Жалпы, маусым айында ылғал мөлшері қалыпты нормада болуы керек, - дейді «Қазгидромет» РМК Павлодар облыстық филиалының басшысы Галина Шпак.