ЕХРО аясында өтетін бокс кешіне шақыртуды қуана қабылдаймын - Бейбіт Шүменов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірінші ауыр салмақта WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы Бейбіт Шүменов (17-2, 11 КО) ЕХРО аясында Астанада өтетін бокс кешінде жұдырықтасуға дайын екенін жеткізді.
None
None

Бұл туралы спортшы Instagram-дағы өзінің парақшасында жазды.

«ЭКСПО көрмесі аясында Астанада өтетін бокс кешіне шақыртуды қуана қабылдаймын. Әлемнің әр жерінде жекпе-жек өткізіп жүрген еліміздің боксшылары жиналып, Астанада өнер көрсетсек, бұл жанкүйерлер үшін ұмытылмас естелік боларына сенімдімін. Тек қазақстандық жанкүйерлер үшін емес,әлемдегі кәсіпқой боксқа қызығушылық танытатындар үшін бұл өте қызық. Себебі қазақ боксшыларының жұдырықтасу стилін шетелдіктер жақсы көреді, жоғары бағалайды. Қазақстандық жанкүйерлер алдында жекпе-жек өткізбегеніме 6 жылдай болыпты. Елдің қиқуын, қолдауын сағындым. Тауда жүгіріп, бұлақ суын ішіп, қазы-қартамен қуаттанатын күн де алыс емес сияқты. 9 қыркүйекте әлем назары Астанада болады!»,- деп жазды Шүменов.

Еске сала кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 17 наурыз күні Қанат Исламды және демеуші-меценат Бауыржан Оспановты қабылдап , Қанат Исламның ЭКСПО-дағы жекпе-жегінің уақытын қыркүйек айына жоспарлап отырғаны туралы мәлім еткен болатын.

Бұл кешке тағы бір кәсіпқой боксшымыз Геннадий Головкин де қатысуы ықтимал. Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының төрағасы Ахметжан Есімов ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Г.Головкинмен кездесіп, онымен ЭКСПО көрмесіне орай бокс-ивент өткізу мүмкіндігін талқылады .

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл мәселені кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраровпен де талқылаған болатын .

Соңғы жаңалықтар