Екі алтын медаль Қазақстан велоспортының ең жоғары деңгейде екенін көрсетті — Раимбек Баталов
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық велошабандоздар Жапониядағы жазғы Азия ойындарында бір күнде екі алтын медаль жеңіп алып, ел велоспортының жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық велоспорт федерациясының президенті Раимбек Баталов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Федерация басшысының айтуынша, спортшылардың бүгінгі жетістігі – бірнеше жыл бойы қалыптасқан отандық велоспорт мектебінің жүйелі жұмысының нәтижесі.
- Бүгін біз үшін өте маңызды күн. Менің ойымша, велоспорт өзінің әлеуетін тағы бір мәрте көрсетті. Бұл – ондаған жыл бойы қалыптасқан үлкен мектеп. Бүгін бізде екі алтын медаль бар. Қазіргі таңда Қазақстан алтын медаль саны бойынша көптеген елден алда келеді. Алда тағы екі топтық жарыс бар. Тасжолдағы велоспортта жаңа жетістіктерге жетеміз деп үміттенеміз, – деді Раимбек Баталов.
Федерация президенті жоғары нәтижеге спортшылар мен жаттықтырушылар штабының бірлескен еңбегі арқылы қол жеткізілгенін атап өтті.
- Спортшыларымыз жарады, жарысқа өте жауапкершілікпен дайындалды. Туризм және спорт министрлігінің, әкімдіктердің, Велоспорт федерациясының және демеушілеріміздің қолдауынсыз мұндай нәтижеге жету мүмкін емес еді, – деді ол.
Раимбек Баталов Қазақстанда велоспортты дамыту жұмыстары бұқаралық және балалар спортынан бастап кәсіби деңгейге дейін жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
- Біз балансты бұқаралық спорттан бастап кәсіби спортқа дейін жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл Қазақстан велоспортының ең жоғары деңгейде екенін тағы бір көрсетті. Біз осы биіктікті сақтап, жеңісімізді жалғастыра береміз, – деді федерация басшысы.
Оның айтуынша, қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы жетістіктері ел тұрғындарын бұқаралық спортқа тартуға да ықпал етеді.
- Маған қазір велоспортты жақсы көретін көптеген жанкүйер қоңырау шалды. Мұндай жеңістер адамдарды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға ынталандырады. Бұл жеңіс бүкіл Қазақстан халқының жеңісі деп ойлаймын, – деп қорытындылады Раимбек Баталов.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан құрамасы тасжолдағы велоспорттан жекелей сында екі алтын медаль жеңіп алды. Рината Сұлтанова ел қоржынына алғашқы алтын, ал Алексей Луценко екінші алтын жүлде сыйлады.
Қазақстан делегациясы 4 алтын және 2 қола медаль еншілеп, жалпы есепте төртінші орыннан көрінді.