Екі апталық курсты бітірген психолог мамандардың дәурені бітті — Аймағамбетов

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Парламент қабылдаған психологиялық қызмет туралы құжатқа қатысты пікір айтты. 

Екі апталық курсты бітірген психолог мамандардың дәурені бітті — Аймағамбетов
Фото: SHVETS production/pexels

— Жалған психолог мамандардың дәурені бітті. Бүгін біздің «Психологиялық қызмет туралы» авторлық заңымыз Сенаттан сәтті өтіп, Президенттің қол қоюына жіберілді. Бұған дейін қалай еді? Күйзеліске түскен адам Инстаграмнан әдемі парақшасы мен күмәнді сертификаты бар «маманды» тауып, соңғы ақшасын санап берсе де, жағдайы тек нашарлай түсетін. Мыңдаған адамның, отбасының тағдырын күл-талқан етті. Сала заңмен реттелмегендіктен, олар ешқандай жауапқа тартылмайтын. Енді бұл өзгереді. Заңның басты бағыттарына тоқталсақ, дипломсыз және реестрсіз психолог болмайды. Енді арнайы жоғары білімі (дипломы) жоқ және бірыңғай мемлекеттік реестрге тіркелмеген адамдарға өзін «психолог» деп атауға заңмен тыйым салынады. Кез келген азамат маманның реестрде бар-жоғын оңай тексере алады. Реестрде жоқтардың қызмет көрсетуге құқығы болмайды, — деп жазды Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында

Оның айтуынша, дипломы жоқ мамандар мен тренерлерге өз жарнамасында «психолог» сөзін, сондай-ақ одан туындайтын кез келген атауларды (мысалы, «психо-коуч», «психо-кеңесші») қолдануға ресми түрде тыйым салынады.

— Екі апталық курсты бітіргендердің дәурені бітті. Онлайн-жарнама бақыланады. Психолог мамандар әлеуметтік желіде өздерінің реестрдегі нөмірі мен білімін ашық көрсетуге міндеттеледі. «Проблеманы 1 күнде шешемін» немесе «нәтижеге 100 пайыз кепілдік беремін» деп жалған уәде беріп, халықты алдағандар жауапқа тартылады. Күрделі тақырыптарға тек кәсіби мамандар жіберіледі. Депрессия, мазасыздық сияқты терең мәселелермен және жалпы психологиялық көмек көрсетумен енді тек кәсіби, дипломы бар мамандар ғана айналысады. Кәсіби дайындығы жоқ «мамандар» бұл салаға жолай алмайды, — деді депутат.

Сонымен қатар ол психолог пен психиатрдың аражігі ажыратылатынын айтты. Психолог — дәрігер емес. Оған медициналық диагноз қоюға, дәрі-дәрмек жазуға немесе адам санасына әсер ететін психоактивті әдістерді қолдануға қатаң тыйым салынады. Егер пациентте ауыр психикалық ауытқу белгілері болса, психолог оны бірден дәрігер-психиатрға бағыттауға міндетті.

— Кәсіби құпия заңмен қорғалады. Сіздің психологқа айтқан құпияңыз, жеке өміріңіз сіздің жазбаша келісіміңізсіз еш жерде жарияланбайды. Сізді рұқсатсыз видеоға немесе аудиоға түсіруге де қатаң тыйым салынады. Мемлекет адамның психикалық саулығы — тұрмыстық қызмет емес, өте жауапты іс екенін заңмен бекітті. Мемлекет басшысы тарапынан осы маңызды саланы реттеу бойынша тапсырмалар берілді, бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, — деді Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, бүгін Сенат «Психологиялық қызмет туралы» Заңды мақұлдады.