Екі көлік жанып кетті — Оралда гараждан шыққан өрт үйді де шарпыды
ОРАЛ. KAZINFORM – Оралда гаражға қоса өрт үйді де шарпып, екі автокөлік жанып кетті. БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 21 қаңтар күні «Зачаганский» бау-бақша серіктестігінде болды.
«Бейбітшілік көшесі, 36» мекенжайында сағат 05:11-де алдымен 28 шаршы метр аумақта гараж отқа оранды. Содан кейін жалын тұрғын үйге ауысып, 15 шаршы метр қосымша құрылыс, асүй және төбе жақтаулары жанды. Гараждың ішіндегі Seat Alhambra және сыртында тұрған ВАЗ-2110 автокөлігі өртеніп кетті. «Тілсіз жау» сағат 06:26-да оқшауланып, 06.45-те толықтай ауыздықталды. Оқиға орнында 12 адам 4 техникамен жұмыс істеді. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде», - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында 10 жол бөлігі жабық тұрғанын жазған болатынбыз.