Екі азаматтығы бар СҚО тұрғыны елден шығарылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған соты шетел азаматтығын алу фактісі туралы заңмен белгіленген мерзімде хабарламаған адамның ісін қарады.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, бұрын Қазақстан Республикасының азаматы болған адам 2020 жылғы 13 қаңтарда Ресей Федерациясы азаматының төлқұжатын алған, бірақ бұл туралы Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарына белгіленген 30 күн ішінде хабарламаған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын тапсырмаған.
Бұл еліміздің заңнамасының талаптарын бұзады, өйткені басқа мемлекеттің азаматтығын алған адам бұл туралы құзыретті органдарға хабарлауға және Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуға міндетті. Бұл құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Істі қараған сот шетел азаматын Қазақстан Республикасының аумағынан шығарып жіберу түріндегі әкімшілік жазаны қолданды.
Бұған дейін Петропавлда «Ұлы дала керуені» атты халықаралық көшпелі көрме жұмыс істеп жатқанын жазған едік.