Екі елдің серіктестігі БҰҰ, ШЫҰ, АӨІСШК аясында табысты дамып келе жатыр – Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Қытайдың жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту жөніндегі ұстанымдары ортақ. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздерден кейінгі баспасөзге арналған мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Екі елдің серіктестігі БҰҰ, ШЫҰ, АӨІСШК аясында табысты дамып келе жатыр – Президент
Фото: Ақорда

«Төраға Си Цзиньпин мырзамен аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмастық. Бұл бағыттағы ұстанымдарымыздың ұқсас екеніне назар аудардық. Біз көпжақты дипломатияны одан ары нығату қажеттігін атап өттік. Екі елдің серіктестігі БҰҰ, ШЫҰ, АӨІСШК аясында табысты дамып келе жатыр. Сонымен қатар біз Орталық Азия+Қытай диалогын одан ары дамытуға келістік. Әлемдегі дау-дамайды бейбіт жолмен шешу, геосаяси жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту жөніндегі ұстанымдарымыз ортақ», - деді Президент. 

Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөз нәтижелерін жоғары бағалады. 

«Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың деңгейі қашанда жоғары. Осылайша, біз екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам бастық. «Алтын 30 жылдық» аясында биік мақсат-міндеттерді табысты жүзеге асырамыз деп үміттенемін. Жасалған әрбір келісім екі елдің тұрақты әрі қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуге, халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға арналған. Қазақта «Байлықтан артық достық бар. Достықтан артық байлық жоқ» деген тәмсіл бар. Қытайда да дәл нақыл сөз бар. Екі елдің тарихи достығы, тату көршілікке негізделген ынтымақтастығы жарқын болашақ жолындағы қадамдары баянды болсын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар