Екі елге ортақ батыр: Түркия қазақ бітімгері Қайрат Құдабаевты еске алды

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Түркияға жұмыс сапарымен барып, екі елдің әскери ынтымақтастығы аясында ұйымдастырылған іс-шараларға қатысты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Түркия қазақ бітімгері Қайрат Құдабаевты еске алды
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрінің бұл сапары әдеттегі дипломатиялық барыс-келістен бөлек: екі бауырлас мемлекет арасындағы терең әскери достықтың белгісін көрсетті.

Сапар еске алудан басталады

ҚР Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың Түркияға сапары «Аныткабыр» мемориалдық кешеніндегі Мұстафа Кемал Ататүрік ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Дәл осы жерде, Түркия Республикасының негізін қалаушының қабірінде министр қазіргі Түркияға жол ашқан ұлы реформатор маршалдың рухына құрмет көрсетті.

Қорғаныс министрі Түркияда
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Жаңа мүмкіндіктерді ашатын келіссөздер

Рәсімнен кейін Дәурен Қосанов пен Түркияның Ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гюлер арасында келіссөздер өтті. Қорғаныс министрлері әскери ғылым мен білім беруден бастап, бірлескен әскери-техникалық жобаларға дейінгі екіжақты ынтымақтастықтың болашағын талқылады. Түркия Қарулы Күштері Бас штабының бастығымен кездесу диалогтың логикалық жалғасы болды.

Белгілі болғандай, екі елдің қорғаныс министрліктерінің әскери ғылым, білім беру, жауынгерлік дайындық және әскери-техникалық мәселелер саласындағы өзара іс-қимылы қолданыстағы екіжақты әскери ынтымақтастық туралы келісімге негізделген.

ҚР Қорғаныс министрі Түркияда
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Ерлікпен қаза тапқан офицерді еске алу

Сапардың ең маңызды сәті Түркия Ұлттық қорғаныс университетінің Құрлық әскерлерінің әскери академиясына (Milli Savunma Üniversitesi Kara Harp Okulu) бару болды — бұл жерде бір кездері қазақстандық офицер әрі бейбітшілікті сақтаушы Қайрат Құдабаев оқыған.

Қайрат 1993 жылы оқуға жіберілген алғашқы қазақстандық әскери қызметшілердің бірі. Оның мансабы 2005 жылдың қаңтарында Ирактағы Қазбат миссиясы кезінде кездейсоқ оқ-дәрі жарылысымен қайғылы аяқталды. Ол өз өмірін құрбан етіп, әріптестерін құтқарды. Батылдығы үшін ол І дәрежелі «Айбын» орденімен (қаза тапқаннан кейін) және бірнеше халықаралық марапаттармен марапатталды.

Енді академияда осы қазақ батырының ерлігіне арналған ескерткіш тақта ашылды. Дәл осы жерде оның офицер ретіндегі мінезі қалыптасқан еді.

Отбасы және жас курсанттар: шабыттандыратын естелік

Салтанатты шараға Қ.Құдабаевтың жұбайы Әсем Түркістанова, екі қызы Әмина мен Мәдина Құдабаевалар және Түркияда оқитын қазақстандық курсанттар қатысты. Оқу орнының басшылығы мұнда Қайрат Құдабаев туралы естеліктер әлі күнге ұмытылмағанын айтты. Бұл жерде бір кезде Ататүріктің өзі оқыған екен.

Курсанттар сонымен қатар мақтаныш сезімдерін білдірді: жолдастары үшін жанын берген офицер оқыған сол оқу орнында оқу — олар үшін әрі құрмет, әрі жауапкершілік.

Академияда оқитын Қазақстаннан келген Өлке Ердалы бір кездері жерлес батыр оқыған осы оқу орнында білім алғанын мақтанатынын атап өтті.

— Бүгінгі іс-шара Иракта әсекри қызмет етіп жүргенде қаза тапқан капитан Қайрат Төлеуханұлы Құдабаевқа арналған ескерткіш тақтаның ашылуына арналған. Ол біздің академиямызда оқыған. Мен бір кездері батыр ағамыз табалдырығын аттап, тәлімін көрген оқу орнында білім алып жатқаныма қуаныштымын және мақтанамын, — деді ол.

Елдің болашақ қорғаушыларымен болған әңгіме

Сапарының соңында еліміздің Қорғаныс министрі Түркияда оқып жатқан отандық курсанттармен кездесті. Олардың оқуы, тұрмыс жағдайлары және болашақ қызметі туралы әңгімелескеннен кейін, ол халықаралық білікті офицерлерді даярлаудың маңыздылығын атап өтті. Курсанттардың арасында әскери медицина мамандығын сенімді түрде таңдаған жас қазақстандық қыздар да бар екені аталып өтті.

Министр авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың Түркияға сапары әскери ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қадам ғана емес, сонымен қатар бейбітшіліктің құндылығы мен жаңа ұрпаққа үлгі болатын батырларды еске салудың маңызды қадамы болды. Капитан Қайрат Құдабаевтың есімі оның отбасының, әріптес сарбаздардың, жас курсанттардың және оның ерлік істеріне деген тағзым аясына ұйысқан екі ел халқының жүрегінде мәңгі сақталады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Түркия президенті қазақ офицеріне диплом табыстағанын хабарлаған едік. 

Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия әскери мүліктің әуе транзитінің тәртібін белгіледі.

Соңғы жаңалықтар