Қазақстан мен Түркия әскери мүліктің әуе транзитінің тәртібін белгіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Екі елдің әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу жөніндегі Түркиямен келісімге қол қою туралы Қазақстан Үкіметінің 2024 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысы қабылданды.
Келісім Қазақстан мен Түркияның әуе кеңістігі арқылы әскери техника мен жеке құрамды тасымалдау шарттарын реттейді. Ол өзара рұқсаттар негізінде әуе дәліздерін пайдалану тәртібін белгілейді.
Транзитті реттеу үшін уәкілетті органдар бірқатар ережені тағайындады:
-ҚР Қорғаныс министрлігі – әскери техника мен жеке құрамның транзитіне жауапты;
-ҚР Сыртқы істер министрлігі – жыл сайынғы және біржолғы дипломатиялық рұқсат (DCN) береді.
-Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі.
Әрбір тарап үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанына дейін дипломатиялық арналар арқылы келесі жылға арналған жылдық дипломатиялық рұқсат нөмірін (DCN) алу үшін ресми өтініш беруге міндеттеледі. Бұл нөмір транзиттік операциялар үшін қажет және 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін жарамды.
Жыл сайынғы Дипломатиялық рұқсат нөмірі (DCN) келесі санаттардың транзитіне рұқсат береді:
-ресми делегациялар;
-әскери техника мен жеке құрам;
-гуманитарлық көмек;
-әскери жаттығуларды қамтамасыз ету;
-дипломатиялық жүк.
Қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.