Қолсыз сурет салатын кентаулықтың арманы архитектор болу
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Ерекше жаралған Нышанғалидың ерік жігері мен өмірге деген құштарлығы талайды тәнтті етіп отыр. Тағдырдың жазуымен қолы өспей қалған жасөспірім, күнделікті қажетті дүниенің барлығын аяқпен істеуге мәжбүр.

Нышанғали Рахман жайында алғаш естігенде таңданысымды жасыра алмадым. Содан өзімен тілдескім келді. Кентаудағы арнаулы кәсіптік колледжде оқитынын есітіп, телефонын алдым. Содан кездесетін орынды белгіледік.
Нышанғали қолының жоқтығын ешкімге білдірмейді. Сырттай қараған адам да оңайлықпен аңғармайды. Өзі де біреуге масыл болып, көмектес деп айтқан емес. Барлық істі аяқпен жасауға машықтанған.
Қаламды бармақтарына қыстырып алып сурет салады. Телефонды да қолданғанда аяқтағы саусақтарын пайдаланады. Тіпті, ойын ойнап, жазуда жаза береді. Ас-ауқатты да аяқпен ішеді. Компьютердің құрылғыларын ауыстырып, орнына қою бозбала үшін еш қиындық тудырмайды.

— Хоббиім сурет салу. Әсіресе, мультфильм кейіпкерлерін, анимациялық персонаждарды салғанды ұнатамын. Табиғатты саламын. Бұл менің миымды тыныштандырады. Яғни, сурет салу арқылы демаламын — дейді ол.
Нышанғали Кенжеғалиұлы Бәйдібек ауданының тумасы. Амансай атты ауылда 2006 жылы дүниеге келді. Бала кезден 1-топ мүгедегі. Тағдырдың жазуымен туғаннан қолдары өспей қалды. Сәби жүрек ойыншықтарды қолмен ұстап сезіне алмаса да, аяқпен ептеп жүрді. Баланың өмірге деген құлшынысы да өте жоғары болды. Әсіресе, жастайынан өнерге қызығып өсті. Ән айтып, сурет салғанды ұнатты. Ол 6-7 жасынан бастап аяқ башпайымен қалам ұстап, сыза бастауды үйренді.
— Көп балалы отбасыдан шыққанмын. Бес баламыз. Әке-шешем мұғалім. Зейнеткер апам бар. Мен үйдің екінші ұлымын. Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты № 4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында білім алып, 9-сыныпты бітірдім. Өткен жылы Кентау қаласында орналасқан «Арнаулы кәсіптік колледжіне» оқуға түстім. Бүгінде «Есептеу техникасы және компьютерлік қамтамасыз ету операторы» мамандығының 2-курс студентім — дейді ол.
Нышанғалидің арманы архитектор болу. Сәулет өнерінің қыр-сырын меңгеріп, сәулетті үйлер тұрғызу. Қалалардың сызбасын жасау. Бұл арманына жететіндігіне бозбала бек сенімді және сол жолда талмай ізденіп келеді.
— Бүгінде оператор мамандығын меңгеріп жатырмын. Оқуды бітірген соң, жоғары оқу орнына түсу жоспарымда бар. Өзім архитектор болғым келді — дейді ерекше жан.

Жігітке жеті өнерде аз демекші, Нышанғалидің ән айтатын өнеріде бар. Сондай-ақ, қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысады. Іс-шаралар мен байқауларда бақ сынап, жүлделі орындарды иеленіп келген кезі көп. Атап айтар болсақ, Кентау қаласында өткен «Екі жұлдыз» байқауынан бас жүлдені жеңіп алды. Интеллект байқаудан ІІІ орын иеленсе, «Сен таланттысың» атты іс-шарада Алғыс хатпен марапатталды. Ә.Қастеевтің 120 жылдығына арналған «Қылқалам шеберлері» байқауынан ІІ орынды иеленді. Қалалық «Ерекше жан» байқауына белсене қатысқаны үшін «Диплом» алса, «Жұлдызды сәт» атты мега жоба мен «Мейірім шуағы» атты қылқалам көрмесінен «Алғыс хат» иеленді.
Нышанғали спортқа да бейім. «Кім мерген» атты дәстүрлі садақ ату байқауында аяғымен садақ атқан ол, «Үздік мерген» номинация жеңіп алды. Сонымен қатар, бассейнде еркін жүзеді. Футболды ерекше жақсы көреді. Сондықтан бос уақытын доп тебуге арнайды. Одан қалса, бір аяғына ракетканы қыстырып алып, теннис ойнайды. Ал, шахмат, шашка, тоғызқұмалақтан қарсылас шақ келтірмейді.
— Адам ешқашан өмірге өкпелемеу керек. Мойымау қажет. Ренжімеуі тиіс. Әрине қиындықтар болады. Дегенмен, Алланың берген сынағына шыдағанда ғана соның баршасын жеңіп шығуға болады. Маған үлкен қолдау білдіріп, мүмкіндіктер жасап отырған ең алдымен ата-анама, бауырларым рахметімді айтамын. Бар білгенін үйретіп жатқан ұстаздарыма алғысымды жеткізгім келеді. Сондай-ақ, қасымда жүрген жолдастарыма рахмет айтқым келеді. Себебі, қиын кезде баршасы менің қасымнан табылады. Бағыт-бағдар беріп, әрдайым жігерлендіріп отырады — деді Нышанғали Кенжеғалиұлы.