Екі спортшымыз каратэден Азия чемпионы атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен WKF каратэден ересектер арасындағы XX Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі атап өткендей, биыл аталған сары құрлық додасына 30 елден ең таңдаулы 300-ден астам спортшы қатысып, өзара мықтыларды анықтады. Олардың арасында қазақстандық спортшылар кумите бағдарламасы бойынша ел намысын қорғады. 19 отандасымыз сайысқа қатысып, оның екеуі алтынға, екеуі күміске, ал тағы бір спортшымыз қола медальға қол жеткізді.
Финалда Жоламан Биғабыл (-55 кг) Омар Шакраны (Иордания), ал Нұрқанат Әжіқанов (-75 кг) болса Кувончбек Мухаммадиевті (Өзбекстан) ұтып, өз салмағында жеңімпаз атанды. Нұрқанат жартылай финалда әлем чемпионы Бахман Аскари Гончехті айқын басымдықпен ұтқан (7-1).
Ақтық сынға шыққан тағы бір отандасымыз Әсел Қанай (-61 кг) күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар кумитеден ерлер командасы 2-орын алды. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева (+68 кг) қола медаль иегері атанды. Жарыс нәтижесі бойынша ерлер командасы әлем кубогына жолдама алды.
Қазақстан жалпы есепте Жапония мен Вьетнамнан кейінгі 3-орынға тұрақтады.
Жапония 5 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль жеңіп алса, Вьетнам спортшылары 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль еншіледі.