Екі турнирде де жеңіс тұғырына көтерілгім келеді – Әбиба Әбужақынова
АСТАНА. KAZINFORM —Әбиба Әбужақынованы алда екі айтулы бәсеке күтіп тұр. Алдымен қазақстандық дзюдошы Аичи-Нагояда Азия ойындарының татамиіне шығады. Одан кейін Бакуде өтетін әлем чемпионатында бағын сынайды. Қысқа уақыт ішінде екі додада сынға түсетін дзюдошы INFORMSPORTS тілшісіне берген сұхбатында жарысқа дайындығы туралы айтып берді.
– Әбиба, алда Азия ойындары мен әлем чемпионаты сияқты екі ірі додада бақ сынайсыз. Дайындық қалай өтіп жатыр?
– Спорттық мансабымда алғаш рет осындай екі ірі жарысқа қатар дайындалып жатырмын. Қатты қобалжу жоқ. Әр күнді тиімді пайдаланып, спорттық бабымды сақтауға тырысамын.
Екі жарыстың арасы небәрі бес күн болғандықтан, күшті дұрыс бөлу өте маңызды. Сондықтан қазір физикалық дайындығыммен қатар, психологиялық тұрғыдан да өзімді жақсы қалыпта ұстауға мән беремін. Ең бастысы, алғашқы жарыстан кейін өзімді тез қалыпқа келтіріп, келесі белдесуге дайын болуым керек. Бұған дейін де ірі додалардың талайында сынға түстім. Сондықтан алда тұрған жауапкершілікті жақсы түсінемін және қос турнирде де соңына дейін күресемін.
– Бұған дейін Азия ойындарының күмісін иелендіңіз. Бұл жолы алтын алуға бар күшіңізді салатын шығарсыз...
– Дұрыс айтасыз, Азия ойындарындағы басты мақсатым – алтын медаль алу. Бұйырса, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілгім келеді. Сол үшін татамиде өз мүмкіндігімді толық пайдаланып, Қазақстанның көк туын биікте желбіретуге барымды саламын.
Ханчжоуда өткен 2023 жылғы Азия ойындарында 48 келіге дейінгі салмақта күміс медаль иелендім. Сол жарыстан көп тәжірибе жинақтадым. Енді Аичи-Нагояда бұған дейінгі нәтижемді жақсартуға ұмтыламын.
– Әлем чемпионатында да былтыр күміс медаль алдыңыз. Биылғы басты мақсатыңыз қандай?
– Әлем чемпионаты – мен үшін ерекше турнир. Себебі мұнда әлемнің ең мықты спортшыларымен белдесіп, өзіңді тағы бір мәрте сынайсың. Былтыр финалға дейін жетіп, күміс медаль алдым. Әрине, биыл одан да биік белесті бағындырғым келеді.
Әр белдесуге тыңғылықты дайындалып, қарсыластарымды мұқият зерттеймін. Қазір нақты нәтижені алдын ала айту қиын, бірақ өзіме жүктелген міндетті жақсы білемін. Өткен жылғы әлем чемпионатында финалға дейін жеттім. Биыл сол тәжірибем маған көмектеседі деп ойлаймын.
– Үлкен жарыстарда психологиялық қысым жоғары болады. Мұндай сәтте өзіңізді қалай жігерлендіресіз?
– Қатты қобалжу немесе психологиялық тұрғыдан әлсіздік танытамын деген алаңдаушылық жоқ. Керісінше, осындай маңызды сәттерде өзіме деген сенімім арта түседі. Татамиге шыққан кезде барлық ойымды белдесуге шоғырландырып, қарсыласыма емес, өз мүмкіндігіме көбірек мән беремін.
– Әлемдік рейтингіде 19-орындасыз. Бұл көрсеткіш жеребе барысында сіз үшін қаншалықты рөл ойнайды?
– Әрине, рейтингінің белгілі бір маңызы бар, әсіресе жеребе кезінде оның әсері болуы мүмкін. Бірақ қазіргі орнымды үлкен мәселе деп қабылдамаймын. Себебі маусым әлі аяқталған жоқ, алда өзіме қажетті ұпайларды жинауға мүмкіндік беретін жарыстар бар. Алдағы әлем чемпионатында жақсы белдесіп, рейтингілік ұпайымды толықтыруым керек.
Жыл соңында Masters жарысы да бар. Сондықтан маусым соңына дейін әлі талай мүмкіндік болады. Қазіргі 19-орын менің көңіл-күйіме немесе дайындығыма кері әсер етпейді. Керісінше, алдағы жарыстарда өз орнымды жақсартуға ынталандырады.
– Әбибаны жеңіске жетелейтін, көпшілік біле бермейтін қандай мінезі бар?
– Белдесу кезінде өзімді іштей жігерлендіріп, бар күшімді соңына дейін сарқуға әрекеттенемін. Қандай жағдайға тап болсам да, өзімді жоғалтпай, соңғы секундқа дейін күресуге ұмтыламын. Татамиге шыққанда бар назарымды белдесуге аударып, жеңіске деген жігерімді барынша оятамын. Мүмкін, менің басты қасиетім де – қиын сәтте өзімді жинап, соңына дейін берілмеуім шығар.