Екі жылда латифундистерден қанша жер қайтарылды

Жамбыл облысында өткен жылы 201,2 мың га жер мемлекетке қайтарылды
Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Латифундистер еліміздің қай өңірлерінде көп шоғырланған? Бұл сұраққа Ауыл шаруашылығы министрлігі жауап берді.

«Облыстың уәкілетті органдарының жер балансы бойынша жолдаған мәліметіне жасалған талдауға сәйкес, бір қолда бар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерінің үлкен алаңдары - Ақтөбе, Қарағанды, Ұлытау облыстарында», - делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Ведомство мәліметінше, ірі жер учаскелерінің «бір қолда» шоғырлануын ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылмаған және берілген жерлерді алып қою жөніндегі жұмыс комиссиясы құрылды (Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2023 жылғы 28 сәуірдегі өкімімен). Осы комиссияның негізгі міндеті - мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын күшейту.

Комиссия пайдаланылмайтын жерлерді қайтару жөніндегі жұмысты кәсіпкерлік нысанына қарамастан жүргізеді.

«Бұл ретте, осы комиссия құрылған сәттен бастап өңірлер бөлінісінде жердің ірі меншік иелері мен жер пайдаланушылар бойынша одан әрі ұтымды және тиімді пайдалану жөніндегі тексеру іс-шараларын жүргізу үшін, сондай-ақ оларды беру кезінде жер заңнамасы нормаларының сақталуы тұрғысында талдау жасалып жатыр. Осылайша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылдың басынан бастап 204 ірі субъектіде мемлекетке 4,4 млн га ауыл шаруашылығы жері немесе ел бойынша алынған барлық жерлердің 44% қайтарылды. Бұдан бөлек, үлкен аумақтардың «бір қолда» көп шоғырлануын болдырмау мақсатында 2023 жылғы 25 қаңтарда жер пайдалану құқығында болуы мүмкін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті мөлшерін бекітуді көздейтін Үкімет қаулысы қабылданды», - деп аталып өткен министрлік ақпаратында.

Айта кетейік, 2023 жылдың аяғында Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бағлан Бекбауов ірі көлемде жер алу процестері тоқтатылғанын айтты.

2022 жылдың басынан бері пайдаланылмайтын 10 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекеттік меншікке қайтарылды

Еске салсақ, 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан жерді латифундистерден қайтарып алу тапсырмасының баяу жүзеге асырылуын сынға алды

Соңғы жаңалықтар