Екатерина Айдова: Бар күшімді 1000 метрге салатын боламын
ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан ХХIII қысқы Олимпиада ойындарында коньки спортынан әйелдер арасында 1500 метрге жүгіріп, үздіктер қатарынан көріне алмаған Екатерина Айдова сайыстан кейін өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"1500 метр маған өте қиын болды. Негізгі менің жақсы жүгіретін қашықтығым 1000 метр. Енді екі күннен кейін осы аталған қашықтықта бағымды сынаймын. Сол кезде бар мүмкіндігімді паш ететін болам. Осы Олимпиадаға жолдаманы 1000 метрден жеңіп алғанмын. Жалпы, мұз айдыны өте керемет. Өткен жылы да осы мұз айданында болғанмын. Бүгін Олимпиададағы алғашқы сайыс күнім, сондықтан аздап қобалжу болды. Енді, екінші рет ондай үрейге бой алдырмаймын деген сенімдемін", - деп атап өтті Айдова.
Сондай-ақ, ол кеше Қазақстан қоржынына алғашқы қола медальді салған Юлия Галышеваны жеңісімен құттықтауды да ұмытпады.
"Кеше Галышева алғашқы медалді алып, бар отандастарымызды бір қуантып тастады. Оны жеңісімен құттықтаймын. Мен оның осыған дейінгі әр сайысын телеарна арқылы қалдырмай қарап отырдым. Қатты жанкүйер болдым. Кеше медаль алатын соңғы шешуші сында соңғы қарсыласы қателікке бой алдырып, әріптесімізге жүлде бұйырды. Бұл барлық қазақ елінің жүлдесі. Құтты болсын", - деп атап өтті ол.