Екатеринбург инвесторлары Қостанайға келмек
Екатеринбургке атбасын тіреген Архимед Мұхамбетов Свердлов облысының губернаторы Евгений Куйвашевпен кездесіп, екі өңірдің экономикалық байланысын нығайту жолдарын талқылады. Қазақстандық делегация құрамында облыс әкімдігі мен «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметкерлері болды.
«Свердлов облысы біз үшін стратегиялық тұрғыда жақын әріптесіміз саналады. Екі ел басшыларының достық қарым-қатынасының арқасында ішкі сауданың өсімі үшін барлық жағдай жасалды. Бүгінгі кездесу қос тараптың экономикалық байланысын одан әрі жақсартады деген сенімдемін. Себебі, біз осында әлеуетті инвесторлар, кәсіпорын басшыларымен кездесіп, В2В форматында жиын өткіземіз. Қазір біз Қостанайда Индустриалды аймақтың құрылысын аяқтадық, сол себепті сіздердің облыстағы инвесторларға орын бөлуге мүмкіндігіміз бар. Олар өздерінің құрылғыларын біздің аймақта орнатып, кәсібін дамыта алады», - деді Архимед Мұхамбетов жиында.
Қостанай облысының әкімі жергілікті автозауыттың даму қарқыны туралы сөз етті. Оның айтуынша, былтыр Қостанайда 6 мың көлік нарыққа шығарылған. Енді биыл бұл көрсеткішті екі есеге ұлғайтып, көлік санын 12 мыңға дейін жеткізу жоспарланған.
Іс-сапар барысында белгілі болғандай, Свердлов облысының кәсіпкерлері қостанайлық Jac автокөлігіне сұраныс жасап отыр. Әсіресе, оларды көліктің S3 моделі айтарлықтай қызықтырған.
Свердлов облысының губернаторы қазақстандық әріптесінің ұсыныстарын толықтай қолдады.
«Біз Қазақстандағы облыстармен тығыз байланыстамыз. 2017 жылдың көрсеткішінде тауар айналымы бойынша Қазақстан алдыңғы қатардағы елдердің бірі. Ішкі сауданың көлемі 30%-ға өсіп, 1 млрд-тан астам АҚШ долларын құрады. Сіздің осында келуіңіз екі өңірдің әріптестік байланысын одан сайын нығайтады», - деді Евгений Куйвашев.
Қостанай облысының әкімдігі мен Свердлов облысының басшылығы экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалар бойынша екіжақты келісімге қол қойды.
Жиын соңында Архимед Мұхамбетов өтіп жатқан Әлем чемпионатында Ресей құрамасына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ол ресейлік әріптестерін Қазақстанда өтетін Астананың 20 жылдығын мерекелеу салтанатына шақырды.