Екібастұз ГРЭС-1 стансасына қатысты 140 млн теңгеге әкімшілік іс қозғалды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Электр қуатын өндіретін кәсіпорында экологиялық заңнаманы бұзудың бірқатар жағдайлары, соның ішінде көміртегі оксиді шығарындыларының белгіленген нормативінен асып кетуі анықталған.
Павлодар облысы бойынша экология департаменті биылғы тамыз айында «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-не қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарға сәйкестігі бойынша тексеру жүргізген.
Тексеру нәтижелері бойынша экологиялық заңнаманы бұзудың бірқатар жағдайлары, соның ішінде көміртегі оксиді шығарындыларының белгіленген нормативінен асып кетуі анықталған. Норматив 125,85365 г/с болған кезде, нақты көрсеткіш 191,146 г/с-ті құраған.
Яғни артық мөлшері — 65,29235 г/с. Сондай-ақ қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы талаптардың бұзылуы, соның ішінде тиісті экологиялық рұқсатсыз қалдықтарды жинақтау фактілері белгілі болған.
- Анықталған бұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 140 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік іс қозғалды. Кәсіпорынның өтінішхаты бойынша әкімшілік материалдар сот қарауына жіберілді, - деп хабарлады департаменттен.
Еске сала кетейік, Екібастұз қаласын басқан қою түтін жұртты шошытты.