Екібастұз ГРЭС-1 стансасының жұмыскері вагон арасына қысылып, көз жұмды

Екібастұз ГРЭС-1 стансасының жұмыскері вагон арасына қысылып, көз жұмды
Фото: gres1.kz

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Тәртіп сақшылары еңбек қорғау қағидаларын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Өңірлік еңбек басқармасының дерегіне сүйенсек, Екібастұз ГРЭС-1 кәсіпорнында пойыз құрастырушысы болып жұмыс істейтін 22 жастағы ер адам вагондар арасына қысылып қалған. Ол алған жарақатының салдарынан көз жұмған.

«Оқиға 4 сәуір күні болған. 2002 жылы туған азамат Ерназар Ерланұлы жұмыс барысында вагондар арасында қысылып қалған. Қайғылы жағдай туралы бізге жұмыс беруші хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаның себеп-салдары анықталып, тергеліп жатыр», - деді облыстық еңбек басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абылай Сабыров.

Ал Екібастұз қаласының полициясы еңбекті қорғау қағидаларын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Сот-медициналық сараптама тағайындалған. Сараптаманың және еңбек инспекциясының қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Соңғы жаңалықтар