Екібастұз қаласында кәсіби театр пайда болуы мүмкін
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысының билігі Екібастұзда кәсіби театр сахнасын құру және қалалық театрды ашу мәселесін қарастырып жатыр. Ол үшін ғимаратты бюджеттен тыс демеушілік қаражат есебінен сатып алу жоспарланып отыр.

Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Telegram-дағы парақшасында хабарлады.
«Екібастұзда театр құру әлеуеті бар. «Қайнар» кешенінің базасында 20 жылдан астам республикалық театр өнері фестивальдері мен конкурстарының бірнеше мәрте жүлдегері атанған «Маска» театр студиясы жұмыс істейді. Ал 2020 жылы «Өнер» қалалық мәдениет сарайында «Бойтұмар» жастар музыкалық-театр үйірмесі ашылып, бірнеше маңызды қойылым сахналанды. Бүгінгі таңда мұнда кәсіби театр сахнасын құру және қалалық театрды ашу мәселесін қарастырудамыз. Ол үшін ғимаратты бюджеттен тыс демеушілік қаражат есебінен сатып алу жоспарланып отыр», - деп жазды өңір басшысы.
Қазіргі уақытта шаһарда бірнеше ғимарат болашақ театр үшін қарастырылып жатыр. Оның бірі – бұрынғы кеншілер Vәдениет сарайы. Мұнда тұрғындар үшін мәдени іс-шаралар өткізілген, фильмдер көрсетілген маңызды орын.
Еске сала кетейік, Павлодардағы Аймауытов театры «Шәмші» премьерасын ұсынды.