Екібастұз ЖЭО Самұрық-Энергоға берілді

Екібастұз ЖЭО Самұрық-Энергоға берілді
Фото: https://www.samruk-energy.kz/

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Екібастұз қаласының әкімдігі Екібастұз ЖЭО-ны «Самұрық-Энергоға» сенімгерлік басқаруға берді. Акционерлік қоғамдық стансаны «Energy Solution Center» ЖШС еншілес компаниясы арқылы басқарады. 

Екібастұз жылу-энергия орталығы «Самұрық-Энерго» АҚ-ға сенімгерлік басқаруға берілді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарлады.

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Екібастұз ЖЭО-да жиналыс өткізіп, «Energy Solution Center» ЖШС Бас директоры Айдарбек Қыстаубаевты, сондай-ақ оның өндіріс, қаржы және қамтамасыз ету жөніндегі орынбасарларын таныстырды. Сонымен қатар Самұрық-Энерго басшысы биыл Екібастұз ЖЭО-да энергетикалық қазандықтар мен қосалқы жабдықтардың бір бөлігін жөндеу жоспарланып отырғанын атап өтті», - деп мәлімдеді компаниядан.

Екібастұз ЖЭО Самұрық-Энергоға берілді
Фото: www.samruk-energy.kz

Кездесу қорытындысы бойынша Қ.Мақсұтов станса басшылығына алдағы жылыту маусымына сапалы дайындық пен жөндеу науқанын өткізу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Екібастұз ЖЭО 1956 жылы пайдалануға берілген. Стансада белгіленген электр қуаты - 12 МВт, жылу қуаты — 750 Гкал/сағ. Жылу электр орталығы Екібастұз қаласын жылумен толық қамтамасыз етеді.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың соңында Екібастұз ЖЭО-да жүйелі апат болып, қаладағы үйлердің көп бөлігі қақаған аязда жылусыз қалған еді.

Биыл ҚР Үкіметі Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жылу желілерін салуға 9 млрд теңге бөлді.

Соңғы жаңалықтар
telegram