Екібастұзда 40-қа жуық малды ұрлады күдікпен төрт адам ұсталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Екібастұз өңірінде 40-қа жуық ұсақ мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен төрт адам ұсталды. Бұл туралы Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Криминалдық полиция қызметкерлерінің мәліметінше, күдіктілер бірнеше ай бойы өңір тұрғындарының малын жүйелі түрде ұрлап келген. Олар негізінен ұсақ малды нысанаға алған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілердің барлығы анықталған. Олардың облыс тұрғындары екені белгілі болды.
— Жедел-іздестіру іс-шараларының кешені барысында барлық күдіктінің жеке басы анықталды. Тінту жүргізу кезінде төрт ұсақ мал және қылмыс жасауға пайдаланылған өзге де заттар табылып, тәркіленді, — дейді Павлодар облысы полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Таңжанов.
Қазір төрт күдікті де қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Оларға қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Сонымен қатар полиция қызметкерлері күдіктілердің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.
Ведомство өкілдері ауыл тұрғындары үшін мал негізгі табыс көзі әрі ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі екенін атап өтті. Осыған байланысты полиция әрбір мал ұрлығы дерегі бойынша кінәлілерді анықтап, оларды жауапкершілікке тарту және ұрланған мүлікті иелеріне қайтару бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Бұған дейін де Павлодар облысында мал ұрлығына күдікті топ ұсталған жазғанбыз.