Екібастұзда алты жасар бала көлік астына түсіп, мерт болды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Екібастұз қаласындағы тұрғын үй ауласында жеңіл автокөлік алты жастағы баланы қағып кеткен. Бала оқиға орнында көз жұмды.
Өңірлік полиция департаментінің ақпарынша, қайғылы оқиға 19 қыркүйек күні кешкі сағат 18.30-дар шамасында қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған.
- Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Жүргізуші ұсталып, полицияға жеткізілді. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында, - деп хабарлады департаменттен.
Оқиға орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде тарады. Желі қолданушылары баланың алты жаста болғанын және жол-көлік оқиғасына әйел адамның қатысы барын жазып жатыр.
Еске сала кетейік, Павлодарда жол апатынан бір адам мерт болып, тағы жетеуі жарақат алды.