Екібастұзда кейбір тұтынушылар мен бизнес нысандары үшін электр энергиясы арзандады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Екібастұзда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіретін тұтынушылар мен бизнес субъектілері үшін электр энергиясының бағасы төмендетілді. Бастама Мемлекет басшысының делдалдық құрылымдарды, соның ішінде тұтынушыларды электрмен жабдықтау тізбегіндегі өнімсіз делдалдарды алып тастау жөніндегі тапсырмасы шеңберінде жүзеге асты. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінен хабарлады.

«Павлодар облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіретін тұтынушылар мен бизнес үшін электр энергиясының бағасы төмендетілді. Атап айтқанда, „Екібастұзэнерго“ ЖШС заңды тұлғалар үшін электр энергиясына бағаны 1 кВт/сағатқа 31,02 теңгеден 29,45 теңгеге дейін, яғни 5%-ға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіретін тұтынушылар үшін 1 кВт/сағатқа 27,51 теңгеден 27,26 теңгеге дейін, яғни 0,9% -ға (ҚҚС есептемегенде) төмендету туралы хабарлап отыр. Төмендетілген баға 2024 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі. Бағаны төмендету Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаменттері реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды электр энергиясымен жабдықтау жөніндегі қызметтерге лицензиялардың қолданылуын жақында тоқтатқаннан кейін мүмкін болды», - деп мәлімдеді департаменттен.
Бағаны төмендетуге тұтынушылардың (облыстың заңды тұлғалары мен бюджеттік ұйымдарының) реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан электр энергиясын кепілді жеткізушіге («Екібастұзэнерго» ЖШС) ауысуы негіз болған.
Бұған дейін, электр энергиясын тұтынушыларды сүлікше сорған делдалдарға тосқауыл қойылатыны туралы жазған едік.