Екібастұзда теміржол өнімдерін шығаратын тұтас өндірістік кластер құрылып жатыр

Екібастұз
Фото: Наталья Зинченко

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазіргі күні шаһарда теміржолға арналған доңғалақтар өндіретін кешен – «Проммашкомплект» ЖШС сәтті жұмыс істеп тұр. Мұнда айына 25000, ал бір жылда 300 000 теміржол дөңгелегі шығарылады.

«Проммашкомлект» сияқты іргелі зауыт ТМД бойынша төртінші болып салынған, елімізде баламасы жоқ кәсіпорын. Сонау 2012 жылдан бері жұмыс істеп тұрған өндіріс орнында 930 адам еңбек етеді, орташа еңбекақы 430 мың теңгені құрап отыр.

Иван Дычко
Фото: Наталья Зинченко

— Зауыт шығаратын тұтас таптамалы және тісті доңғалақтар еліміз бойынша бізде ғана өндіріледі. Негізінен дөңгелектің 9 түрін шығарамыз. Олар жүк және жолаушылар вагондарына, ауыр тартқыш локомотивтер мен жылдамдығы жоғары локомотивтерге, электровоздарға, метрополитен көліктеріне арналған. Өніміміздің 25 пайызы Қазақстанның ішінде, өзгесі шет елдерге сатылады. Ішкі сұранысты 100 пайыз өтеп тұрмыз. Кәсіпорынның қазіргі мақсаты — Еуропалық стандарттағы доңғалақтарды өндіру. Алғашқы партиядағы еуропалық доңғалақтарымыз аудиттен өткізілді. Енді нақты нарыққа бағыттайтын жоспарымыз бар. Өздеріңіз көріп тұрғандай, мұндағы құрал-жабдықтың барлығы заманға сай автоматтандырылған, қолмен атқарылатын жұмыс өте сирек. Күн сайын шығарылған өнімдерімізді сыртқа бірден тиеп жіберіп отырамыз. Себебі сұраныс жеткілікті. Шамамен тәулігіне 700-800-дей доңғалақ экспортқа жөнелтіледі. Белоруссия еліндегі теміржол компаниясымен келісімге отырып, олардың вагондары үшін де өнім өндіріп жатырмыз. Бізден шығарылған доңғалақтарда ақау өте аз кездеседі. Сондықтан шет мемлекеттерде біздің тауарға деген сенім жоғары, - дейді кәсіпорынның бас директоры Иван Дычко.

Осылайша, серіктестік жүзеге асырып отырған ауқымды жоба Қазақстанның теміржол саласын дамытып қана қоймай, сырттан келетін тауарды отандық өніммен алмастыру мәселесін оң шешіп беріп отыр. Зауытта шығарылатын теміржол дөңгелектерінің бағасы импорт құралдардан арзан әрі сапасы жоғары. Мұнда Чехия, Германия, Швейцария, Ресей, Беларусь, Жапония, Италия мемлекеттерінен әкелінген станоктор, қондырғылар пайдаланылады.

Екібастұз
Фото: Наталья Зинченко

Айтып өту керек, «Проммашкомлект» «Railcast systems» теміржол кластерінің құрамына енеді. «Railcast systems» ЖШС-нің өзі өндірістік аумақта тағы бір зауыттың құрылысын қолға алған. 2026 жылы пайдалануға берілетін жобаның жұмыс атауы — «Ұсталық-бандаж кешенін құру». Яғни келешекте мүлде жаңа, заманға сай робот-технологиямен жарақталған зауытта локомотив бандаждары шығарыла бастамақ. Локомотив бандажы — бұл локомотивтің доңғалақ жұбының ауыстырылатын элементі.

Екібастұз
Фото: Наталья Зинченко

Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Тілеулесовтің дерегінше, жобаның жалпы құны — 78,6 млрд теңге. Болашақ кәсіпорында жылына 160 000 бұйым шығарылып, оның 92 пайызы экспортталады деп көзделіп отыр. Өндіріс орны іске қосылғанда Екібастұз қаласында жаңадан 570 жұмыс орны құрылады.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ «Railcast Systems» серіктестігінің жобасы бойынша өтінімді мақұлдаған. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстарының 60 пайызы, жалпы жобаның 40 пайызы жүзеге асып үлгерді. Компания келешек зауытқа жеткізілетін құрал-жабдықтар құнының 50 пайызын бүгінде төлеп қойған.

Отандық өнім
Фото: Наталья Зинченко

Осындай жобалардың нәтижесінде Екібастұздың экономикасы әртараптандырылып, қаланың отын-энергетикалық кешенге тәуелділігінен арылуы жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов Павлодар облысына жұмыс сапары аясында «Проммашкомплект» серіктестігінде аялдады

Соңғы жаңалықтар