Екібастұзда жеті жасар бала кәріз құдығына құлап, ауруханаға түсті
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Желіде жеткіншектің құдыққа құлаған сәті түсірілген видео пайда болды.
Автордың айтуынша, жазатайым оқиға шаһардағы орталық алаң аумағында, қос субұрқақтың арасында болған. Оқиға 20 мамырда болғаны белгілі.
2019 жылы туған ер бала тереңдігі екі метрден асатын ашық және қоршалмаған құдыққа құлап кеткен. Салдарынан дене жарақаттарын алып, қазіргі уақытта медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр.
— Қауіпті аймақтың азаматтар мен балалар жаппай жиналатын қоғамдық орында орналасқаны, сонымен бірге тиісті қауіпсіздік шараларының, қоршаулар мен ескерту белгілерінің болмағаны ерекше алаңдаушылық туғызады. Болған жағдай қалалық инфрақұрылымның қауіпсіздігі мен тиісті деңгейде ұсталуын қамтамасыз ету функциялары жүктелген жергілікті атқарушы орган мен ведомстволық бағынысты ұйымдардағы жауапты лауазымды тұлғалардың өз міндеттерін тиісінше орындамағанын айғақтайды деп есептеймін, — деп жазған видео авторы Instagram парақшасында.
Бұл ретте автор кінәлілерді жауапқа тартуды, ал құқық қорғау органдарынан оқиғаға құқықтық баға беруді сұрайды.
— Полиция магистральдік құбырларды салу, пайдалану немесе жөндеу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады, — деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаментінен.
Бұған дейін Екібастұзда емделушінің достары дәрігер мен медбикені соққыға жыққанын жазғанбыз.