Екібастұздағы балабақшада төрт жасар бала ацетон ішіп уланды

АСТАНА. KAZINFORM – Екібастұз қаласындағы № 24 балабақшаның тәрбиеленушісі шұғыл ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалады.

 Астанада балабақша меңгерушілері балаларды тамақтандыруға бөлінген 35 млн теңгеден астам қаражатты жымқырған
Фото: gov.kz

Жедел жәрдем оқиға орнына небәрі 6 минутта жеткен. Бала химиялық уланумен қалалық ауруханаға жеткізілді.

Білім бөлімі оқиғаны растады, бірақ баланың еріткішті қайдан тапқаны және қазір балабақшада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр ма, жоқ па деген сұраққа жауап бермеді. Қызметтік тексеру жұмыстары жүргізілуде.

«Екібастұз қаласындағы № 24 балабақшада баланың химиялық күйік алу дерегі орын алды. Кәмелетке толмаған бала қалалық ауруханаға жатқызылды. Оған медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде. Олардың қорытындылары бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады», - деп хабарлады білім басқармасының баспасөз қызметі. 

Желтоқсан айында 5 жасқа толатын бүлдіршін қазір дәрігерлердің бақылауында. Оның аузы мен тамағын химиялық күйік шалған.

«Бала 15 тамыз күні сағат 17.20-да еріткішпен улану белгілерімен түсті. Асқазаны шайылды. Жағдайы орташа. Бүгін ол бөлімге ауыстырылды», - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.