Екібастұздағы шығармашылық сарайында бала саны көбейеді

Мұрат Аяған
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Мұнда шамамен 9 мыңның үстінде жасөспірім қосымша білім алады деп жоспарланған. Оның ішінде 1,5 мыңы – ерекше қажеттілігі бар балалар.

Екібастұз шаһарында бүгінде 22 590 оқушы білім алып жатыр. Олардың небәрі 31 пайызы, яғни 7 мыңға жуығы ғана мектептен тыс уақытын пайдалы өткізеді.

«Жаңа ғимараттың құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, демеушілер есебінен салынып жатыр. Құрылысы былтыр қазан айында басталды. Биылғы 1 қыркүйекте балалардың игілігіне тапсырамыз деген ойдамыз. Құрылысына жалпы сомасы 5,8 млрд теңге жұмсалатын болашақ нысанда ерекше қажеттілігі бар оқушылардың жағдайы да ескеріледі. Шамамен 1,5 мыңдай дамуында ерекшелігі бар жасөспірім мұнда білімдерін жетілдіре алады. Ал жалпы келешек орталықта 16 мың баланы қосымша біліммен қамтимыз. Осы арқылы көрсеткішті 71 пайызға жеткіземіз», - деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.

Шығармашылық сарайында болашақта шамамен 102 адам еңбекпен қамтылса, оның тең жартысы педагогтар болады деп жоспарланған. Үйірмелер 17 бағытта жұмыс жүргізбек. Олардың ішінде шығармашылық, өнер, музыка, IT-технологиялар қамтылады. Заманға сай ғимаратта ғарыштық радиобайланыс клубы, робототехника студиясы, өнеркәсіптік сәулет және дизайн студиясы, ғылыми-биологиялық зертхана, коворкинг-аймақ, дыбыс жазу студиясы, фотография академиясы, көркем-эстетикалық шеберхана, спортзал және т.б. ашылады деп жоспарланған. Орталықтың өзі төменгі қабатымен есептегенде 4 қабатты нысан болып салынбақ.

Бүгінде Екібастұз бойынша қосымша білім беретін ұйымдар сирек. Олардың ішінде ең ірісі – «Қайнар» білім беру және бос уақытта қамту кешені. Мұнда қазіргі уақытта 4,5 мың оқушы білім алып жатыр.

Еске сала кетейік, бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов Павлодар облысына жұмыс сапары аясында Екібастұздағы Балалар шығармашылығы сарайының құрылыс барысымен танысты. 

Соңғы жаңалықтар