Екібастұздағы ГРЭС-1 аумағында мердігер ұйымның жұмысшысы ток соғып мерт болды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысындағы Екібастұз ГРЭС-1 станциясының аумағында мердігер ұйымның қызметкері өндірістік жарақаттан көз жұмды. Қайғылы оқиға 19 қарашада болған.
Жазатайым оқиға туралы жергілікті Instagram-парақшада хабарланған. Парақша иесінің жазуынша, аталған кәсіпорын аумағында екі адам өндірістік жағдайда мерт болған.
Өңірлік мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті ГРЭС-1 аумағындағы оқыс оқиға салдарынан бір адамның көз жұмғанын нақтылады. 1984 жылы туған ер азамат электр тогының соғуынан ауыр жарақат алып, оқиға орнында қаза болған.
– Қазіргі уақытта «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС аумағында мердігер ұйым қызметкерінің жазатайым өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты арнайы тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Департаментке әзірше осындай бір оқиға тіркелгені туралы ақпарат түсті, – деп хабарлады ведомство.
Бұған қоса еңбек инспекциясы департаменті аталған кәсіпорында бұдан басқа да жазатайым оқиғалар болғаны туралы ақпарат болса, құзырлы органға хабарлауды сұрайды.
Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталмақ.
Еске сала кетейік, Екібастұзда теміржол стансасының жұмысшысы вагон астында жаншылып, көз жұмды.