Екібастұздық 6 жасар әлем чемпионының әкесі ең қымбат сыйлық туралы айтты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Джиу-джитсудан әлем чемпионы атанған екібастұздық 6 жасар Хадия Құнаева жақында Павлодар облысы әкімімен кездесіп, оған Мемлекет басшысының атынан құттықтау хаты мен сыйлық табысталған. Қыздың әкесі өңір басшысы сыйлаған 1 млн теңгенің сертификатын қайда жұмсайтынын айтты.

  Хадия Кунаева
Фото: Артём Викторов / Kazinform

Екібастұздық алты жасар Хадия Құнаева джиу-джитсудан Әбу-Дабиде өткен халықаралық додада KIDS 2 санатында мерейі үстем болып, әлем чемпионы атанды. Финалдық кездесуде жеткіншек Біріккен Араб Әмірлігінің өкілінен басым түсті.

  Хадия Кунаева
Фото: Артём Викторов/ Kazinform

Чемпион қызды әкесі жаттықтырады. Бұл отбасында Хадиядан бөлек тағы бес бала джиу-джитсумен шұғылданады. Олардың барлығы әкесінің тәлімін алып жүр.

42 жастағы әкесі Самат Құнаев қазіргі уақытта оның клубына келушілер көбейіп жатқанын айтады. Хадияның жеңісі жергілікті жасөспірімдерді спортқа жігерлендірсе керек.

— Біз үшін ең қымбат сыйлық ол — Президенттің Алғыс хаты. Мемлекет басшысының лебізі мен демеу сөзі біз үшін өте маңызды. Әрі Президентіміз қызыма жаңа айпад сыйлады. Қазір көшеде көргендер мені танып жатады. Достарым мен таныстарым әлі де құттықтап жатыр. Облыс әкімімен кездесуде аймақтағы джиу-джитсу бойынша мәселелерді көтердім. Бізде бір ғана федерация бар, алайда ол өз алдына дами алмай отыр. Облыс әкімі біздің отбасымызға 1 млн теңгенің сертификатын табыстады. Бұған дейін өз көлігімді сатып, Абу-Дабидегі жарысқа барған болатынбыз. Одан үнемделген қаражатты және сыйлық ақшаны қосып, жеті адамдық минивэн сатып алсақ деген ойымыз бар. Көлік алдағы уақытта жарыстарға баруға қолайлы бола түсер еді, -деп жоспарымен бөлісті Самат Құнаев.

Желтоқсан айы спортшылар отбасы үшін жарыстарға толы болмақ. Қазір жаттықтырушы Саматтың клубындағы спортшылар қызу дайындық үстінде.

Соңғы жаңалықтар