ЕҚДБ Қазақстанның «жасыл экономикаға» өту туралы заң жобасын 1 млн. еуроға әзірлеген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропа Қайта құру және Даму банкі Қазақстанның «жасыл экономикаға» өту туралы заң жобасын 1 млн. еуроға әзірлеген. Алайда, Есеп комитеті аталған функция тікелей Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне жататынын алға тартып отыр.
«Еуропалық Қайта құру және Даму банкі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне «жасыл экономикаға» өту бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын 1 млн. еуроға әзірлеген. Алайда, аталған жұмыс министрліктің тікелей функциясына жатады. Бұл ретте ведомство тек шетелдік ұйым дайындаған заң жобасын қарауды ұйымдастыру жөніндегі шараларды ғана орындады», - делінген Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің таратқан баспасөз баянында.
Бұдан бөлек, Есеп комитеті министрліктің инвестициялық және концессиялық жобаларды іріктеу, олардың техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеу, қаржыландыруға экономикалық сараптаманы жүргізу шараларын бір өзін ғана орындап, оны бөлу кезінде мүдделер қақтығысы орын алғанын анықтап отыр.
Тоқтала кететін жайт, Есеп комитетінің отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің жекелеген бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген қаражатты пайдалану тиімділігі, сондай-ақ мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының сақталуы талқыланған болатын.