ЕҚДБ ҚазТрансГаздың экологияны жақсартуға қосқан үлесін жоғары бағалады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) кезекті жиынында тұрақты даму саласындағы қызметі үшін бірқатар жеңімпазды марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ЕҚДБ ҚазТрансГаздың экологияны жақсартуға қосқан үлесін жоғары бағалады

ЕҚДБ-нің биылғы алтын, күміс және қола жүлделері экология мен әлеуметтік бағытты қамтыған түрлі санаттағы аталымдар бойынша 21 компанияның өкілдеріне табыс етілді. «Көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтудағы жетістіктері үшін» алтын медальді еліміздің ұлттық операторы «ҚазТрансГаз» АҚ жеңіп алды.

2016 жылы орнатылған ынтымақтастық аясында еліміздің газ инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған инвестициялық жобалар жүзеге асырылды. Ұлттық оператордың еншілес компаниялары - «Интергаз Орталық Азия» АҚ мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ банкпен шарт жасасты. Нәтижесінде

«Бозой» жерасты газ қоймасы жаңартылып, Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне жеткізілетін газ көлемі ұлғайды және екі ірі қала - Алматы мен Шымкенттегі ауаға тарайтын зиянды заттар көлемі айтарлықтай азайды. Инвестициялық жобаларды іске асыру аясында Маңғыстау облысында 104 км жаңа газ құбырлары салынып, 533 км құбыр жаңғыртылды. Ақтөбе облысында қуаттылығы сағатына 300 мың текше метр АГТС-300 жаңа автоматты газ тарату станциясының құрылысы ішінара қаржыландырылды. Қостанай облысында 4 ауыл мен Рудный қаласы газдандырылды.

Газ мамандары ЕҚДБ-мен арадағы ынтымақтастықты жалғастыра отырып, 2060 жылға қарай Қазақстандағы ауаға тарайтын көміртегі көлемін барынша азайтуға қол жеткізілетініне сенім білдірді.