Екі адамды өрттен құтқарған семейлік оқиғаның қалай болғанын айтып берді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында екі адамның жанын ажалдан арашалап қалған Дәурен Жамбаев оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған дейін Семей тұрғынының 2 адамды өрттен құтқарып қалғанын хабарлаған едік. Қаладағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының қаржы-шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейтін бейбіт күннің батыры сол бір сын сағатты есіне алды. Оқиға жексенбі күні таңғы сағат 4 пен 5-тің арасында болған.

«Сенбі күні түн ортасынан ауа көпшілік күткен футболдан Чемпиондар лигасының финалдық ойыны өтті. Сол матч аяқталысымен далаға шыққанмын. Үйіме жақын жерде дәмхананың өртеніп жатқанын байқап, лезде өрт сөндірушілерге хабарладым. Өзім де бірден сол жаққа қарай жүгірдім. Келе сала барлық есік, терезелерді қақтым. Алғашында тырп еткен жан байқалмағанымен, ғимараттың апаттық есігін соңғы күшін салып әрез ашқан бір азаматты көрдім. Есікті аша сала көк түтіннің кесірінен есінен тана берді. Оны баспалдақ арқылы төменге алып түсіп, алғашқы көмек көрсеттім. Есін жиысымен іште тағы бір адамның қалғанын айтты. Енді ішке бірден кіру мүмкін емес болып кетіпті. Жалын күшейіп, өрттің аумағы кеңейіп барады. Ішке кіргеніммен, өзім тұншыға бастадым. Қайта далаға шығып, дәмхананы айнала жүгірдім. Әйтеуір терезені кірпішпен сындырып, екінші адамды алып шықтым», - дейді Дәурен Жамбаев.

Өз сөзінде ол нағыз ерлікті өрт сөндірушілердің атқарғанын атап өтті. Құтқарушылар қызыл жалынға қарамастан, дәмхана ішінен 4 газ баллонын алып шыққан.

Айта кетейік, екі адамды өрттен құтқарған семейлік 5 бала тәрбиелеп отыр.


Соңғы жаңалықтар