Екі ағайынды жігіт аналарына таласып, сотқа жүгінген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Исі мұсылманның киелі бесігі - Сауд Арабиясында екі ағайынды, яғни, туған ағасы мен інісі анасына қамқор болу үшін таласып қалған.
«Ағасы Хайзан әл-Фахайди анасын інісіне беруден бас тартқан. Осыған байланысты інісі ағасының үстінен сотқа шағым түсірген» деп жазады islam.kz сайты.
Бақсақ, ағайындылар анасының қалдырар мұрасы үшін емес (жалғыз жүзігінен басқа мұрасы болмаған), сауап үшін бір-бірімен таласқан екен. Сөйтіп, сотқа жүгінгенде сот алқасы алдымен анасына сөз берген көрінеді. Ал ана болса екі ұлын да бөле-жармай: «Біреуі менің оң көзім болса, екіншісі - сол көзім», - деп жауап берген көрінеді. Әйтсе де сот алқасы ақылдаса келе ағайындылар арасындағы талас-тартысты кіші ұлдың пайдасына шешкен. Өйткені, оның денсаулығы ағасына қарағанда мықты болып шыққан.