Екі аяғынан айрылған келіншек келесі жылы Ча-Ча-Ча билеуге уәде берді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Екі аяғынан айрылған алматылық келіншек Екатерина Парафиева келесі жылы протез киіп, ча-ча-ча билеуге уәде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі аяғынан айрылған келіншек келесі жылы Ча-Ча-Ча билеуге уәде берді

Келіншек қайырымдылық шараларына, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуды бастады. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша үміт сыйлап, күресуге кеңес беріп келеді.

Екатерина қазір жаттығу залына барып жүр.

Тележүргізуші, актер каскадер Ерден Телемисов өзінің Фейсбуктегі парақшасында Екатеринамен бірігіп жаттығуға қатысқанын жазды.

«Бұл қыздың ерік-жігеріне таң қалдым. Бұрын да еститінмін, күрескер екенін. Қазір жақын таныса келе оған әбден көзім жетті. Оған өмір көп сынақ берді. Бірнеше ай бұрын жол апатынан аяғынан айрылды. Бірақ ол мойымады. Катя - күрескер! келесі жылы жазда біз Ча-Ча-Ча билейміз деп уағдаластық», - деді Ерден Телемисов.

Айта кету керек, шоумен  «Ердеша-Похудеша. Минус 20 кг за 10 недель» блогын жүргізіп келеді.

Екатерина Парафиеваның жаттықтырушысы Кира Ударцеваның айтуынша, қазанның аяғында келіншектің аяғына тағы күрделі ота жасалады.

«Алда қиын сәттер, қайта қалпына келу кезеңі тұр. Оңай болмайды. Бірақ бәрін жеңуге болады», - деді К.Ударцева.

Қазір Катя белгілі ерікті, жаттықтырушы Кира Ударцеваның көмегімен оңалту шараларынан өтіп жатыр. Енді ол арнайы жаттығулардың арқасында протез киюге дайындалмақ.

Еске сала кетейік, келіншек 16 маусымда Алматы қаласындағы  әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан жапа шеккен болатын. Honda CRV көлігін тізгіндеген қыздар ашық люкке кіріп кетіп, көлік дөңгелегін жарып алған. Содан жол шетіне тоқтап, сыртқа шығып, көліктерін қарап жатқан кезде ортаңғы жолақта келе жатқан Toyota Camry машинасын автобус соққан. Қатты соққыдан Toyota Camry көлігінің артқы бөлігі ұшып келіп Honda CRV көлігіне тиген. Салдарынан қыздар ортада қысылып қалып, біреуі екі аяғынан айырылған болатын.