Екі аяғынан айырылған Парафиева тағы сотқа жүгінді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жол апаты салдарынан екі аяғынан айырылған алматылық Екатерина Парафиева тағы да сотқа жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Екі аяғынан айырылған Парафиева тағы сотқа жүгінді

Бұл жолы Екатерина Парафиева моральдық шығынын өтеп алу үшін апатқа кінәлілерді тағы да сотқа берді.

Жәбірленуші Екатерина Парафиеваның арызы азаматтық істер жөніндегі Бостандық ауданының сотына түсті.

«Біз Toyota Camry көлігі мен автобус иелерінен 10 миллион теңге өндіріп алмақпыз. Арыз сотқа жіберілді», -  дейді Екатерина Парафиеваны жақтаушы, құқық қорғаушы Жанна Мұхамади.

 Бұған дейін болған сот жол апатына кінәлі автобус жүргізушісі Даурен Жаңабаевты 2 жыл бас бостандығынан айырып, 2 млн теңге төлеуге міндеттеген еді. 

Еске сала кетейік, Е. Парафиева 16 маусымда Алматы қаласындағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан жапа шеккен болатын.

Honda CRV көлігін тізгіндеген қыздар ашық люкке кіріп кетіп, көлік дөңгелегін жарып алған. Содан жол шетіне тоқтап, сыртқа шығып, көліктерін қарап жатқан кезде ортаңғы жолақта келе жатқан Toyota Camry машинасын автобус соққан. Қатты соққыдан Toyota Camry айналып, артқы жағымен Honda CRV көлігін ұрған. Салдарынан қыздар ортада қысылып қалып, біреуі екі аяғынан айырылды.

 

Авторы: Жолдас Өрісбаев