Екі аяғынан айырылған Парафиеваның ісі: Автобус жүргізушісі кінәсін мойындамады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда екі аяғынан айырылған Екатерина Парафиеваның ісі бойынша сот жалғасып жатыр. Бүгін сотта айыпталушы - автобус жүргізушісі Дәурен Жаңабаев, бірнеше куәгер, «Алматы Тазалық» өкілі және сарапшы тыңдалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Автобус жүргізушісіне ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлігі бойынша (Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) айып тағылды.

Айыпталушы Жаңабаев өз кінəсін мойындамады.

«Мен Жароков көшесімен әл-Фараби көшесіне шықтым. Келе жатып, жолда сынып тұрған люкты, Хонда көлігін, екі қызды көрген соң оңға қарай алып, үшінші жолаққа шыға бастадым. Сол кезде сол жақтан  кенеттен Camry шықты. Тежегішті басып үлгермедім. Соғылды. Мен оң жаққа шығып үлгердім, ал Camry үлгерген жоқ. Арт жағынан соққан кезде машина 180 градусқа айналып кетті», - деді ол.

Дәурен Жаңабаев сол күні мектеп оқушыларын тасымалдаған.

Автобус иесі Абзал Тұрғымбайдың айтуынша, ол Жаңабаевпен келісімшарт жасаспаған. Жүргізуші мектеп директорымен де автобус иесімен де арнайы келісімсіз жұмыс жасаған.

Ал сарапшы Ержан Өтешов Парафиеваның дөңгелегі сынған люкты басып кеткен соң жарылғанын жеткізді.

Сонымен қатар сараптама қорытындысына сәйкес, автобус жылдамдығы Camry жылдамдығынан гөрі жоғары болғандығы белгілі болды.

"Алматы Тазалық" мекемесінің өкілі сынған люктың кесірінен болған апаттан соң қызметтік тексеру жүргізілмегенін айтты.

Еске сала кетейік, Е. Парафиева 16 маусымда Алматы қаласындағы  әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан жапа шеккен болатын. Honda CRV көлігін тізгіндеген қыздар ашық люкке кіріп кетіп, көлік дөңгелегін жарып алған. Содан жол шетіне тоқтап, сыртқа шығып, көліктерін қарап жатқан кезде ортаңғы жолақта келе жатқан Toyota Camry машинасын автобус соққан. Қатты соққыдан Toyota Camry айналып, артқы жағымен Honda CRV көлігін ұрған. Салдарынан қыздар ортада қысылып қалып, біреуі екі аяғынан айырылды.

Қазір Катя белгілі ерікті, жаттықтырушы Кира Ударцеваның көмегімен оңалту шараларынан өтіп жатыр. Енді ол арнайы жаттығулардың арқасында протез киюге дайындалмақ. Келіншек қайырымдылық шараларына, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуды бастады. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша үміт сыйлап, күресуге кеңес беріп келеді. Екатерина қазір жаттығу залына барып жүр.

Соңғы жаңалықтар