Екі айда экономикаға қанша ақша құйылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың алғашқы екі айында негізгі капиталға құйылған инвестицияның көлемі 1,2 триллион теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 54,4 процентке, яғни 487,7 миллиард теңгеге артық. Дегенмен, инвестицияны тарту жағынан баяу жұмыс істеп жатқан облыстар бар, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкеновтың айтуынша, өндіріске салынған ақшаның көлемі екі есеге артып, 851 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ, тау-кен саласына құйылған қаржы 313,5 млрд теңгеге өсіп, 589 млрд-қа жетті. Ал өңдеу саласына тартылған инвестициялар 221,4 млрд теңгеге тең болды.

«2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында сыртқы инвестицияның көлемі 160,3 млрд теңгеге артып, 361,5 млрд теңгені құрады. Инвестиция көлемі артқан өңірлерге Атырау мен Қарағанды облыстарын, сондай-ақ, Алматы қаласын жатқызуға болады. Ал Астана қаласы, Мыңғыстау мен Шығыс Қазақстан облыстарында инвестицияның төмендегені байқалады», - деді А.Қабыкенов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның сөзіне қарағанда, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі «Kazakh Invest» ұлттық компаниясымен бірлесе отырып, 2018-2020 жылдарға арналған 658 инвестициялық жобаның тізбесін жасап шықты. Аталған жобалардың жалпы сомасы 59,2 млрд АҚШ долларын құрайды. Соның ішінде шетелдіктердің қатысуымен қолға алынатын 140 жоба (43,8 млрд АҚШ доллары) және отандық инвесторлардың 518 жобасы (15,4 млрд АҚШ доллары) бар.

«Биыл жалпы құны 6,5 млрд доллар болатын 298 жобаны іске қосу, сондай-ақ, жалпы құны 11 млрд АҚШ долларын құрайтын 199 жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланып отыр», - деп атап көрсетті А.Қабыкенов.

Айта кетейік, баспасөз мәслиxатында ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев Атырау облысындағы полиэтилен және полипропилен зауыттарының құрылысы жайында айтып берді.

Бұдан бөлек, вице-министр Қашаған кен орнында мұнай өндіру көлемін азайтудың себебін түсіндірді.

Ал төртінші мұнай өңдеу зауыты екі облыстың біреуінде салынады.

Соңғы жаңалықтар
telegram