Екі айға жетпейтін уақыттың ішінде 15 ірі қара, 4 ит және 1 түлкі құтырған - БҚО

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте айтылды.
Өткен жылы Малдәрігерлік бақылау және қадағалау комитетінің облыс-аудандарда аумақтық бөлімшелері құрылғаны белгілі. Барлық аудандарда алдын алу шараларын жүргізетін малдәрігерлік стансалар ашылды. Аумақтық инспекция бастығы Серік Қанатбаевтың айтуынша, 2012 жылы эпизоотикаға қарсы шараларға республикалық бюджеттен 405 млн. астам теңге бөлінді, бұл алдыңғы жылғыдан 37 пайызға көп. Жұқпалы індеттердің алдын алуға облыстық қазынадан 15 млн. теңге жұмсалды. Алайда, жүргізілген шараларға қарамастан, 15 елді мекенде аса қауіпті аурулар ошағы тіркелді. Малдың бруцеллезге шалдығуы барлық дерлік ауданда кездеседі. Тіпті асыл тұқымды 29671 бас малдың 139-ынан бруцеллез дерті шықты. Оған қоса облыстық мемсанэпидқадағалау департаментінің мәліметіне сәйкес өткен жылы 55 адам осы кеселді жұқтырды.
Құтыру ауруының көбеюі де алаңдатады. Өткен жылы Теректі ауданында оның екі, Бөкей ордасында бір ошағы тіркелді. Биыл екі айға жетпейтін уақыт ішінде алты ауданда құтыру кездесіп отыр. Атап айтқанда, 15 ірі қара, 4 ит және 1 түлкі құтырған.
Мамандар қауіпті кеселдердің көбеюін дәрі егуге қаржының жеткіліксіз бөлінуімен түсіндіреді. Бөлінген қаржы жыл сайын малдың 50 пайызына жетеді де, қалғаны егілмей қалады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы малдәрігерлік бөлімінің бастығы Қазбек Ташимовтің сөзіне қарағанда, биыл алдын алу жұмыстары уақтылы басталмақшы. 2013 жылы малдәрігерлік стансаларын жарақтандыруға 629 млн. теңге бөлініп отыр. Осы қаржыға барлық қажетті құрал-жабдық сатып алынбақшы. Пилоттық жоба ретінде 7 инсинератор (биологиялық қалдықтарды жоятын арнайы жабдық) сатып алу көзделуде.