Екі бірдей қаржы пирамидасын құрғандар сотталды
«2023 жылғы 2 наурызда Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық соты MMK Investment және Eden Life7 қаржы пирамидаларын ұйымдастыру фактісі бойынша Т. және С-ға қатысы айыптау үкімін шығарды. Олар 2020 жылғы қарашадан 2022 жылғы қаңтар айы аралығында өзара сөз байласу арқылы қаржы пирамидаларына басшылық еткен. Т. мен С. WhatsApp және Telegram арқылы инвестициялық бағдарламалар туралы жалған ақпарат таратып, әлеуетті салымшыларды компанияларға ақша құюға шақырып келген. Пирамидаға тартылған қаражат сомасы 718 млн теңгеден астам және 691 мың АҚШ долларын құрады», - делінген соттың хабарламасында.
Салдарынан 34 адам 164 млн теңгеден астам сомаға зардап шеккен.
Прокурор Т. және С-ны 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
«Өз кезегінде айыптылар кінәларын мойындамады. Олардың қорғаушысы қылмыстық істі тоқтатуды немесе бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауды сұрады», - дейді соттан.
Ал жәбірленушілер кінәлілерді бас бостандығынан айыра отырып, келтірілген залалды өндіруді талап еткен.
Ақпаратта айтылғандай, Т. және С. кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, экономикалық сараптамалар және іске қатысты басқа материалдар арқылы дәлелденген.
«Қылмыстың кодекстің 217-бабының 3-тармағының 2) тармақшасының санкциясы кінәлілердің мүлкін тәркілеп, 5 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Жеңілдететін және ауырлататын жағдайлар жоқ. Осылайша Т. 6 жылға бас бостандығынан айырылды. С. 65 жаста екендігі мен денсаулық жағдайын ескере отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталғандар қаржы ұйымдарында 7 жыл мерзімге дейін басшы лауазымын атқару құқығынан айырылды», - деп жазылған сот шешімінде.
Сондай-ақ, сот ақпарында жекелеген жәбірленушілердің залалды өндіріп алу туралы талабының қанағаттандырылғаны және бір бөлігі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жүгіну құқығына сәйкес қараусыз қалғаны айтылған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, былтыр шілдеде Астанада «Eden Life» қаржы пирамидасын құруға қатысты қылмыстық іс қозғалған еді.
Одан бөлек, Қаржылық мониторинг агенттігінен елордада MMK Investment қаржы пирамидасын ұйымдастырған күдіктінің қамауға алынғаны хабарланды.