Екі күн қатарынан Тараз қаласындағы №31-ші мектепке жарылғыш зат қойылды деген анонимді хабар алынды
АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат - Екі күн қатарынан Тараз қаласындағы №31-ші мектепке жарылғыш зат қойылды деген анонимді хабар алынды. Осы екі күн бойы мектепте шұғыл әрекет ету қызметтерінің барлығы 120-дан астам маманы жұмыс істеді.
Бұл туралы Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінен хабарлады.
Бұған дейін хабарланғандай, қыркүйектің 27-сі күні таңертеңгі сағат 9-да, Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне Төңкеріс көшесінде орналасқан №31-ші мектеп ғимаратына жарылғыш зат қойылды деген анонимді хабар келіп түсті. Ақпарат алынысымен, төтенше жағдайды жоюға жедел әрекет ету қызметтерінің 50 адамы мен 14 техникасы шұғыл жөнелтілді. Жүргізілген арнайы іс-шаралардан кейін жарылғыш зат табылмады.
Кеше, қыркүйектің 28-і күні таңертеңгі сағат 08.46-даТөтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне тағы да анонимді қоңырау шалынып, аталмыш №31-ші мектепке жарылғыш зат қойылғандығы туралы айтқан. Қоңыраудан кейін шұғыл әрекет ету қызметтерінің 71 адамы мен 14 техникасы дереу «көтерілді».
Мектептен 560 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Арнайы іс-шаралар барысында бұл жолы да жарылғыш зат табылмады.