Екі күнде Астанада жол жүру ережелерін бұзған 1 141 жүргізуші анықталды
АСТАНА. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазанның 3-4-і күндері жүргізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде Астана қаласының ІІД Жол полициясы басқармасы 1 141 жол жүру ережелерін бұзу фактісін анықтады.
Бұл туралы бүгін өткен апталық брифинг барысында Басқарма бастығының орынбасары Серік Сәрсембеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
С.Сәрсембековтың айтуынша, жол полициясының жеке құрамының екі күндік жұмысы нәтижесінде жол ережелерін бұзған 1 141 жүргізуші анықталды. Оның ішінде 76 азамат көлікті мас күйінде айдаған, 17-сі жаяу жүргіншілердің жолда жүру ережесін бұзған, 13-і қарсы бағытқа шығып кеткен және 185-і жылдамдықты шамадан асырған.
Оның үстіне, көлікті мас күйінде басқарған 14 азамат, бұған дейін әкімшілік соттың шешімімен көлік жүргізу куәліктерінен айырылған болып шықты. Қазір олардың 10-ы 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауда отыр, қалған 4-іне де осындай жаза қолдану мәселелері қарастылып жатыр. Жыл басынан бері «әкімшілік қамау» жазасы 681 жүргізушіге тағайындалды.
С.Сәрсембеков өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда елорда жолдарындағы жол апаттары санының азаю үрдісі байқалып отырғанын айта келе, жыл басынан бері 37 (былтыр - 69) адамның өліміне және 313 адамның (305) түрлі деңгейдегі жарақатына алып келген 292 жол-көлік оқиғасы (297) орын алғанын жеткізді.