18:55, 11 Қаңтар 2019 | GMT +5
Екі күннің ішінде 8 адам ыстан уланып көз жұмды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Екі күннің ішінде ыс тиіп, сегіз адам мерт болды. Құтқарушылар пешпен жылытуды қолдану кезінде абай болуға шақырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2019 жылдың 9-10 қаңтарында республика бойынша ыс тиіп және табиғи газдан уланып, сегіз адам мерт болды және 9 адам ауруханаға жеткізілді. Қайғылы оқиғалар қатты отынмен және табиғи газбен, газ колонкасымен жылыту кезінде ақау салдарынан болған», - делінген ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі.
Құтқарушылардың дерегі бойынша, өрт қауіпсіздігі ережелері пеш құрылымындағы жарықтардан, түтіндіктің бітеліп қалуынан, ақауы бар пеш және газ құрылғыларын пайдаланудан және т.б. бұзылады.
Жылу маусымының басынан бері республиканың тұрғын үй секторында ысты газдан улану бойынша 36 адам мерт болса, 93 адам жарақат алған. Табиғи газдан уланып 17 адам қаза тапса, 24 адам жарақат алған.