Екі мемлекеттің жаза атқарушы жүйесінің басын қосқан семинар Қостанайда өтті
Осы аталған мәселелерді талқылау шеңберінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің бастамашылығымен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Академиясында Қылмыстық-атқару жүйесі мен Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қоры (IRZ) арасында семинар болып өтті, деп хабарлайды ҚР ӘдМ ҚАЖ комитеті Академиясы баспасөз қызметінің инспекторы Б. Нуркина.
Германияның әділет министрлігіне қарасты аталған қор серіктес мемлекеттерге құқықтық және соттық жүйелер реформасын жүргізуде қолдау көрсетеді. Семинарға Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының жетекшісі - Озлем Савас (Бонн), Жер сотының судьясы - Доктор Франк Чайя (Кельн), пенитенциарлық мекеме директоры - Клаус Винхенбах (Рокенберх) және ҚР ӘдМ ҚАЖ комитеті атынан төраға орынбасары әділет полковнигі Е. Саламатов, Қостанай облысы, Қарағанды облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола облысы, Астана қаласы бойынша ҚАЖ комитеті департаменттерінің қызметкерлері, сонымен қатар, Академия басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы, адьюнктар мен магистранттар қатысты.
Екі ел арасында өткен семинарды Академия бастығы, заң ғылымдарының докторы, профессор Қ. Ұқанов ашты. Академия бастығы нәтижеліктің өлшемі сандық көрсеткіштер емес, еліміздің азаматтары, заңды тұлғалар мен шетелдік инвесторлар сенім арта алатындай жұмыстың сапасы маңызды, жаңа онжылдықта демократиялық мемлекеттегі халықаралық құқық қорғау органдары қызметінің стандарттарына сай келетін жаңа құқық қорғау органы қажет, - деп атап өтті.
Аталмыш шараға қатысушы Германия мамандары Германия пенитенциарлық жүйесін жетілдірудің өзекті мәселелерін, соның ішінде «жазалаудың балама шараларының түрлері», «сотталғандарды жұмыспен қамту», «құрбандар мен қылмыскерді татуластыру», «сотталғандардың жазасын «еркін» атқаруы», «оңаша камера жалпы камераға балама түрінде» тақырыптарында тәжірибесімен бөліссе, Қазақстанның семинарға қатысушылары, өз кезегінде, Қазақстанның Қылмыстық-атқару жүйесінің жұмысының ерекшеліктерін сөз етті. Екі мемлекеттің пенитенциарлық жүйелерінің арасында болып өткен бұл семинарда жоғарыда көрсетілген мәселелер бойынша екі мемлекеттің тәжірибе жүзіндегі қызметтері қарастырылып, көптеген мәселелер өз шешімдерін тауып, екі мемлекет мамандары тәжірибе алмасты. Екі мемлекет мамандар арасында кейбір туындаған мәселер талқыға алынып, әр мемлекеттің қылмыстық-атқару жүйесінің бағыттары бойынша жұмыстар талқыланды. Сонымен қатар, Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қоры (IRZ) мен ҚР ӘдМ ҚАЖ комитеті Академиясының арасындағы әріптестік пен тәжірибе алмасуды одан әрі нығайту мен дамыту туралы сұрақ қарастырылды. Германия мамандары Қазақстандық әріптестеріне алғыстарын білдіріп, арасындағы әріптестіктің одан әрі жалғасын табатынына сенімді екендіктерін айтты. Екі күнге созылған семинар екі жақ мамандарының ризашылығымен аяқталды.