Екі метрлік айдаһар жылан мәдениет үйінде жайғасып алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Тула облысында құтқарушылар мәдениет үйіне жайғасып алған екі метрлік айдаһар жыланды (удав) ұстады.
Өңірлік ТЖМ мемлекеттік басқармасының хабарлауынша, Кимовтегі Мәдениет орталығының жұмысшылары «01» қызметіне телефон шалып, кабинеттердің бірінде үлкен жылан жатқанын хабарлаған. Құтқарушылар шынымен де аталған орталықта музыкалық аспаптар арасында жатқан екі метрлік айдаһар жыланды тапты. ТЖМ қызметкерлері бауырымен жорғалаушыны құрықтап, оны Тулаға жеткізді. Қазіргі кезде оны тұрақты орналастыратын жері туралы мәселе шешілуде. Алдын ала тұжырымдар бойынша, алып жылан өткен жылғы қарашада осы қалада болған террариумнен қашып кетуі мүмкін. Алайда, жылан қыс бойы қайда мекендегені беймәлім, деп жазады ресейлік БАҚ.