Екі министрлікке жауапты хатшы тағайындалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімдерімен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне жауапты хатшы тағайындалды.
«Аида Дәденқызы Құрманғалиева Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы болып тағайындалды, ол Қазақстан Республикасы Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігінің жауапты хатшысы қызметінен босатылды;
Болат Тұрғанұлы Төкежанов Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы болып тағайындалды», - делінген құжатта.
***
Аида Дәденқызы Құрманғалиева 1970 жылы 30 желтоқсанда дүниеге келген. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Экономикалық және әлеуметтік жоспарлау» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1993 жылы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінде экономист қызметінен бастады. 1997-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің басқарма бастығы, департамент директорының орынбасары болып жұмыс істеді. 2002 жылы Австрияда, Вена қаласындағы Біріккен Вена Институтында (Joint Vienna Institute), 2008 жылы - Дьюк Университетінде (Duke University), Солтүстік Каролина, АҚШ; 2009 жылы - Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебінде (Lee Kuan Yew school of Public Policy), Сингапурде білім алды. 2002 - 2009 жылдары Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің әлеуметтік саланың шығыстарын жоспарлау және әлеуметтік саланы дамыту департаменттерінің директоры.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2009 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалды.
2013 жылғы ақпан айынан бастап Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы. Бұған дейін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жауапты хатшысы. Бұл қызметкер 2014 жылдың тамыз айында тағайындалды.
Қызметі үшін ҚР Президентінің 2005 жылғы 12 желтоқсандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен, ҚР Премьер-Министрінің алғыс хатымен марапатталды. Экономика ғылымының кандидаты.
***
Болат Тұрғанұлы Төкежанов 1972 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1994 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.
1994-1995 жылдары Шығыс Қазақстан облысы салық инспекциясының аға салық инспекторы болып қызмет атқарды.
1996-1998 жылдары Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Міндетті медициналық сақтандыру қорының Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесінде қызмет атқарды.
1999-2000 жылдары - Медициналық қызметке ақы төлеу орталығының Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесі директорының орынбасары, директоры. Денсаулық сақтау министрлігі «Денсаулық» РМК-ның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры.
2001 жылдың қаңтарынан 2003 жылдың қарашасына дейін Шығыс Қазақстан облысының Ақпараттық-медициналық орталығын басқарды.
2003 жылдың қараша айынан медицинаны және халықаралық қатынастарды дамыту бөлімінің бастығы, 2005 жылдың ақпанынан 2007 жылдың қаңтарына дейін стартегиялық даму және халықаралық қатынастар басқармасының бастығы болды.
2007 жылдың қаңтарынан 2010 жылдың тамыз айына дейін Стратегиялық даму және халықаралық қатынастар департаменті директорының орынбасары, Қаржы және экономика департаменті директорының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды.
2010 жылдың қыркүйек айында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Стратегиялық даму департаментінің директоры болып тағайындалды.
2013 жылы 6 ақпанда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары болып тағайындалды.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің (2002), ҚР Денсаулық сақтау министрінің (2004) құрметті граматоларымен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астанаға 10 жыл» (2008) мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Денсаулық сақтау ісінің үздігі (2006).