Екі облысқа тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары керек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы мен Абай облыстарында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарын ашу керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі облысқа тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары керек

«Бүгінде республика көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтерді 41 дағдарыс орталығы көрсетеді. Оның 14-і – мемлекеттік, 27-сі – мемлекеттік емес. Олар негізінен еліміздің 18 өңірінде жұмыс істейді. Жаңадан құрылған Алматы және Абай облыстарында әзірше мұндай орталықтар жоқ. Сондықтан, бұл өңірлерде оларды құру жұмыстарын қолға алу қажет. Осы жылдан бастап орталықтарды ұстау жергілікті бюджет қаражатынан жүзеге асырылады. Бөлінген қаражат көлемі – шамамен 1,4 млрд теңге», - деді ол.

Министрдің дерегінше, аталған орталықтарда зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызметті 6 айға дейінгі мерзімде тәулік бойы немесе тәулігіне алты сағатқа күндізгі уақытта көрсету қарастырылған.

«Есепті кезеңде орталықтар 3 мың 975 адамды қамтыды. Оның ішінде 3 055 адам медициналық көмек алды. 277 адам жұмысқа орналастырылды. 350 бала мектепке дейінгі балалар мекемелеріне орналастырылды. 528 адам құжат алып, 764 адам отбасыларымен қайта қауышты», - деді Тамара Дүйсенова.

Бұған дейін Үкімет отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлім еткендей, елдегі о тбасын қолдау орталықтарына 90 мыңнан астам адам жүгінген.



Фото:za49.es