Екі палаталы Парламент демократияны ынталандыруға қабілетті - Н. Нығматулин

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Қос палаталы Парламент жүйесі демократияны ынталандыруға қабілетті.

Екі палаталы Парламент демократияны ынталандыруға қабілетті - Н. Нығматулин

Бүгін Астанада өтіп жатқан «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстанда парламентаризмнің қалыптасуындағы рөлі» атты конференция барысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин осылай мәлім етті.

«Әрине, әлемдегі әмбебап моделдердің жолын ұстанатын Қазақстан парламентаризмінің де өзіне тән бірегей белгілерінің болмауы еш мүмкін емес. Бұл ретте еліміздегі өкілдік етуші билік институтының тамыры тым тереңде жатуы да мұнда айтарлықтай рөл атқарады. Мәселен, қазақстандық парламентаризмнің алғышарттарын дала демократиясының дәстүрлерінен, далалық құрылтай институттарынан, сондай-ақ Алаш қозғалысы лидерлерінің идеяларынан көруге болады. Ал қазақстандық парламентаризмді дамытудың маңызды оқиғасы 1995 жылы қабылданған жаңа Конституциямен тікелей байланысты», - деді Мәжіліс спикері.

Оның айтуынша, соңғы Ата заңды әзірлеу барысына Елбасы Н. Назарбаев тікелей атсалысып, кейіннен бұл құжат республикалық референдумда қабылданды.

«Ата заңның жаңа мәтінінде алғаш рет «Парламент» ұғымы бекітілді. Конституцияда Парламент заң шығару функциясын жүзеге асыратын еліміздің ең жоғарғы өкілді органы ретінде бекітілді. Ондағы басты жаңалық Парламент құрамын екі палатаға бөлуден тұрған еді. Осылайша, Қазақстан заң шығарушы органы бір палаталыдан екі палаталы жүйегі көшті. Бұл таңдау да аяқ астынан туындаған кездейсоқ жайт емес. Өйткені, түрлі әлеуметтік-саяси, түрлі экономикалық, этникалық мүдделерінің өкілдігі арқылы   екі палаталы Парламент жүйесі демократияны ынталандыруға қабілетті», -деді Н. Нығматулин.