Екі жігіт жабылған егде кісі тілге келмей көз жұмды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 40 мың тұратын телефон үшін екі жігіттің шабуылына тап болған егде кісі 13 күн комада жатып, көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

59 жастағы Батихан Сейдеғалиев Алматыдағы дүкендердің бірінде аула сыпырушы болып жұмыс істеген екен.  

Қапелімде ажал құшқан ер адамды жақындары Атыраудағы туған ауылына жерлеп қайтты.

Марқұмның артында әйелі, үш қызы қалды.

Қаза болған ер адамның күйеу баласы Асхат Алдоңғаров қайғылы оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

«Жұмысқа жаяу баратын таза ауамен демалып. Таңертең 6:30 шамасында жұмысқа бара жатқанда Мұратбаев пен Гоголь көшелерінің қиылысында қараңғылау тұста екеуі шыға келіп күрес әдісімен жамбасқа лақтырып кеткен. Қолындағы телефонын тартып алып қашып кеткен. 40 000 теңгелік телефонды жақында ғана алған болатын. Жұмыстан шықпай жүрген болатын, зейнеткерлікке аз қалды деп», - деді Асхат Алдоңғаров.

Оның айтуынша, соққыдан ер адамның қос тізесімен қоса омыртқасы сынған, қуығы жарылған. Ауыр жарақаттан 13 күн бойы комада жатты.

Есін жиған Батихан Сейдеғалиев қос қол аяғы істемей, сөйлей алмай қалған. Аса ауыр жағдайға тап болған ер адамды інісі Атырауға алып кеткен. Марқұм туған ауылына жетпей, жолда көз жұмды.

Айта кету керек, қазір Алматы полициясы 19-20 жастағы екі жігітті ұстады.

«Қазір аталған дерек бойынша ҚР ҚК 192-бабымен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Күдіктілер кінәларын мойындады. Олардың бірі бұрын ұрлық үшін істі болған", - деді Алмалы аудандық ІІБ басшысы Данияр Мендебаев.

Соңғы жаңалықтар