«Екі жұлдыз» еліміздегі ең әдемі шоудың бірі болады - Г. Мамасарипова

trong>Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - «Қазақстан» ұлттық арнасынан «Екі жұлдыз» жобасы эфирге шыға бастады. ҚазАқпарат тілшісі осы бағдарламаның бас редакторы Гүлнұр Мамасариповаға жолығып,   

«Екі жұлдыз» еліміздегі  ең әдемі шоудың бірі болады  - Г. Мамасарипова

 

жоба жайында әңгімелескен еді.

- Жоба эфирге шықты. Аяқ алыстарыңыз қалай?

 - Сенбі күні бірінші хабар емес,  таныстырылым бағдарламасы болды. Неше жұп қатысады, қалай жасалынады деген сияқты. Енді бірінші хабар қыркүйектің  26-сы күні, ұлттық арнадан сағат 20.35-те эфирге шығады. Дайындықтарымыз жақсы, әзірге ойдағыдай. Үлкен жоба болғандықтан, әрине, қиындықтары да болып жатыр.  

-  Шоу қай жерде түсіріледі?

   - Хабар Алматы қаласынан 60 шақырым жерде түсіріледі. Жобаның түсіру алаңы Қазақстан Республикасында тұңғыш рет еуропалық стандартқа сай жасалынуда. Өтетін орын 60 мың шаршыметр жерді алып жатыр, көлемі жағынан Алматыда басқа баламасы жоқ деуге болады.

 -  Бұл жобаны 9 елде көрсетіп келгенін білеміз. Біздің елде сондай хабарды көрсету идеясы қалай туды?

    -  Ол телеарна басшыларының идеясы. Әр телеарнаның концептуалдық жоспары болады. Қандай бағдарламаны Қазақстанға лайықты жасай аламыз, қандай бағдарламалармен көрерменді тарта аламыз дегендей, соған байланысты, сондай мақсатпен көрсетіледі. Жоба туралы сөз болғаннан кейін айта кетейін, жоба Қазақстан Ұлттық арнасының меншігіндегі жоба. Лицензиясы шведтік «Зодиак» компаниясынан сатып алынған.

 - Бағдарламаның эфирлік уақыты, ұзақтығы қаншалық?

 - Бағдарлама 2 сағат жүретін болады. Әр аптаның сенбі күндері бірінші сағаты кешкі жаңалықтарға дейін, екінші сағаты жаңалықтардан кейін жалғасады. Жоба желтоқсан айының 26-на дейін өтеді.

  - Хабарға құпия болмаса кімдер қатысады, бағдарламаны кім жүргізеді? Өйткені хабардың жақсы шығуы жүргізушілер мен қатысушыларға да байланысты болып жатады.

  - Жобаның негізгі қатысушылары-саясаткерлер, әртістер, спорт, өнер, эстраданың танымал жұлдыздары. Бәрін емес, бірнешеуін айтайын, олар: Ділназ Ахмадиева, Мұрат Мұтұрғанов, Ғани Қасымов, Қайрат Түнтеков, Қыдырәлі Болманов, Венера және Линда Нығматуллиналар, Илья Ильин. Қалған қатысушылар құпия болып қалсын.  Хабарды өздеріңізге белгілі әртіс Бауыржан Ибрагимов, танымал әнші ғана емес, продюсер Баян Есентаева, белгілі теле жүргізуші Майя Веронская және «Шаншар» әзіл-ысқақ театрының әртісі Нұржан Төлендиев жүргізетін болады.

  - Жеңімпаздарды кім таңдайды, қазылар алқасы ма, әлде көрермендер ме?

     -  Жеңімпаздарды жобаның шарты бойынша 50/50 пайыздық үлеспен қазылар мен көрермендер дауыс беру арқылы таңдап, анықтайтын болады.  Қазылар 4 адамнан тұрады. Оның екеуі тұрақты болады, қалған екеуі ауысып отырады. Біреуі Ұлттық арнаның өкілі. Қалғандарын уақыты келгенде біле жатарсыздар. Төрешілер  алқасында  белгілі, танымал, отандық және шет елдің музыка, өнер, актер шеберлері болатынын ғана айтқым келеді. 

  - Дауыс беру бағасы қанша болмақ, тегін емес пе?

     -  Мобильді дауыс беру ақысы ең төменгі бағада болады. Ақшасын жұмсағысы келетін адам ғана дауыс бере алады. Бәрі экранда жазылып тұрады.

 - Қазылар алқасы қатысушыларды қандай қабілеттеріне қарай сынайтын болады?

   - Лицензия берген компания төрешілерге талап қойған. Шарт бойынша біреуі дуэттердің кәсіби орындауына мән беріп қараса, екіншісі сахнада өзін ұстауына, үшіншісі киімдеріне, сол сияқты қойылымдарына қарай өзара бөлісіп бағалайтын болады.

   - Ал жобада шырқалатын әндер кешегі, бүгінгі немесе қазіргі хит деген секілді жіктеле ме, әлде...?

     -  14 бағдарлама - 14 тақырыптан тұрады. Мысалға бірінші бағдарлама ретро әндерінен тұрса, екінші хабар қазақ композиторларының соңғы он жылда шыққан, хитке айналған, халық білетін әндерден тұрады. Одан кейінгі хабар киноларда айтылған әндерден, яғни фильм арқылы елге танылған әндер тақырыбында болады. Содан кейін халық әндері бөлек бір тақырыпқа арналады. Той, көше әндері, халықтың аузында айтылып жүрген әндер бір бөлек бағдарлама. Содан кейін бір кезеңде белгілі болған композиторларымыз бір төбе емес пе?! Оларға да бір хабарды арнадық.

    - Шәмші әндеріне ше?

    - Әрине, Шәмші Қалдаяқов ағамыздың әндеріне де жеке бір  хабар арнадық. Ол күні тек Шәмшінің әндері шырқалады.  Бұдан басқа үнді фильмдеріне бір бағдарлама болады, бұл шоу бағдарлама екенін ұмытпауымыз керек.  Итальян әндеріне - сан ремоға, классикалық әндерге бір хабар, Дос-Мұқасан тобының әндерін бір хабарға шоғырландырамыз. Қатысушыларымыздың  қазақ тілінен  басқа  тілдерде  айтқаны  қазақшаланады. Сол әдісті қазір біз қолданып жатырмыз. Бір шумағын қазақша, қайырмасын сол тілде айтуға болады. Әлемдік классикалық әндерді осылайша орындауға болады.

    -  Дуэттерді дайындауға қанша адам ат салысып жатыр?

   - 16 жұппен 100-ден аса адам жұмыс істеуде.  20-дан аса стилистер, визажистер, шаш жөндеушілер тағы да басқа адамдар жұмыс жасауда. Бұл тек қатысушылармен айналысатын адамдар ғана, ал эфирден көрінбейтін қанша  телеарна қызметкерлері бар.

    - Орысша «Две звезды» хабарының көшірмесі ғой, өзіміздің төл жобаларымызды ойлап табуға болмады ма»,  деген пікірге қалай қарайсыз?

      -  Оны ақпараттың аздығы деп білеміз. Халықтың бәріне бүге-шүгесіне дейін жеткізе алмаймыз. Мысалға, Ресейдің  «Две звезды» хабары да өздерінікі емес, олар да ойлап тапқан жоқ. Осыдан пәленбай жыл бұрын басқа шет елде көрсетіп келген. Яғни, олар да өзге елден сатып алды. Ағылшынның көшірмесін жасады. Біз Ресейден сатып алып отырған жоқпыз. Бірақ қай елде жасалмасын, жақсы ұлттық нақышта, көрерменнің көңілінен шығатын шоу хабар болса болғаны.

   - Жоба қалай өтеді деп ойлайсыз?

  -  Бәріміз бар күшімізді салып жатқандықтан, 100 пайыз нәтиже күтеміз. Шоу ойдағыдай әдемі өтеді деп ойлаймыз.