Екі жылдан кейін 100 жылдық мерейтойыңызға келемін - Алматы әкімі ардагерге

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жеңіс күні қарсаңында Алматы әкімі Ерболат Досаев соғыс ардагерлерін жеке құттықтап, ерліктері мен батырлықтары үшін алғыс білдірді. 9 мамыр күні 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябақта өтетін Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат шаһар әкімдігіне сілтеме жасап.

Екі жылдан кейін 100 жылдық мерейтойыңызға келемін - Алматы әкімі ардагерге

«Сізге көрсеткен ерлігіңіз үшін бас иіп, тағзым етеміз. Сіздер бізге бейбіт аспан сыйладыңыздар. Егер сіздің ұрыс даласындағы ерліктеріңіз болмаса, қазір не болатынын елестету қиын. Сізге ұзақ өмір тілеймін! Мен сіздің 100 жылдық мерейтойыңызға екі жылдан кейін міндетті түрде келемін», – деді Ерболат Досаев ардагер Шангерей Жаныбековке.


Шангерей Жаныбеков – Қостанай облысының тумасы. Соғысқа дейін медициналық училищеде оқыған. 1942 жылы майданға 18 жастағы әскери фельдшер болып шақырылған. 2-ші Украин және Брянск майдандарында болды. Полтава, Кировоград, Кременчук, Харьков, Белгород, Украина, Молдова, Австрия, Венгрия, Румыния және Чехословакияны жаулардан тазартуға қатысты. Жеңіс күнін Австрияда қарсы алды. Октябрь революциясы, II дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, «Ерлігі үшін» екі медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен және басқа да лайықты наградалармен марапатталған. 2017 жылы Алматы қаласының Құрметті азаматы атағы берілді.

Сондай-ақ, Ерболат Досаев Қайырлы Жонқабаевпен кездесті. Ол 1941 жылдың қазан айында әскерге шақырылып, Мәскеу түбіндегі аты аңызға айналған 8-ші гвардиялық Панфилов дивизиясының құрамында соғыстың соңына дейін болды.

Қайырлы Жонқабаев жеңісті Кенигсберг қаласының шетінде қарсы алды және соғыстан кейін Калинино қаласының комендатурасында қызмет етті.

«Өкінішке орай, ардагерлердің ішінде бүгінгі бейбіт күнге жеткен жалғыз панфиловшы өзіңізсіз. Сізде көптеген марапаттар бар – Қызыл Жұлдыз ордені, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Халықтар Достығы ордені, «Ерлігі үшін» медалі және басқасы. Бірақ, біздің тыныш балалық шағымыз, балаларымыздың бейбіт және бақытты өмірі үшін біз Сізге мәңгі қарыздармыз», – деді Ерболат Досаев.


Әңгіме барысында Алматы басшысы қалада барлығы 75 ардагер қалғанын және олардың барлығына лайықты көңіл бөлініп, қолдауға ие болғанын атап өтті.

«Орынбасарларым, аудан әкімдері, басқарма басшылары – бәріміз ардагерлерді аралап, әрқайсысын келе жатқан 9 мамыр мерекесімен құттықтаймыз. Алдыңғы екі жылда коронавирус жағдайында санитарлық-эпидемиологиялық шектеулерге байланысты аралауға және мерекелік іс-шаралар өткізуге мүмкіндік болмады. Биыл бәрі ойдағыдай болады. Концерт өтеді, құрмет көрсетіледі. Сіздерді 9 мамырда гүл шоқтарын қоюға шақырамын. Біз көлікпен, басқа да барлық қажеттіліктермен толық қамтамасыз етеміз», – деді Ерболат Досаев ардагермен әңгімелесу барысында.

Қала басшысы 1943 жылдан бастап армия қатарында қызмет еткен тағы бір ардагер – Александр Журавлевті құттықтады. Ол Карел майданында соғысып, 1944 жылдың шілдесінен бастап 1-ші Украин майданына өтті, содан кейін Польшада, Германияда және Прагада жаумен шайқасты. Жеңісті 1945 жылы 9 мамырда Прагада қарсы алды. Гвардиялық артиллериялық бригадада капитан атағында барлаушы болып қызмет етті, бригада старшинасы болды. Соғыстан соң 1950 жылдың мамырына дейін әскерде қызметін жалғастырды.

Әскери ерлігі үшін Александр Журавлев І дәрежелі Отан соғысы орденін, «Германияны жеңгені үшін», «Варшава үшін», «Берлин үшін» және басқа медальдарды иеленді.


«Сіздерді шын жүректен мерекемен құттықтаймын. Алғысым зор. Мен әрқашан балаларыма қазіргі бар жақсылықтың бәрі жай ғана пайда болмағанын айтамын. Бәрі басқаша болуы мүмкін еді. Біздің бейбіт аспан үшін миллиондаған адам қайтыс болды. Әрине, бұл тақырып тарихқа біртіндеп еніп келеді. Жас буын қашанда осылай болған деп ойлайды. Сіздердің жанқиярлық ерліктеріңіз ешқашан ұмытылмайды, жүрегімізде сақталады. Сіздерді 9 мамырда мерекеде күтеміз, бірге атап өтеміз», – деді әкім Журавлевтер үйіндегі жылы қабылдау кезінде.

Кездесу барысында соғысқа қатысушылар естеліктерімен, әзіл әңгімелерімен бөлісіп, елімізге бейбітшілік пен келісім тіледі.

Бұған дейін Алматыда ардагерлерге берілетін біржолғы жәрдемақы екі есе ұлғайғаны хабарланған.